Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Білім күні аталып өтті

0 23

Бүгін Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында Білім күні аталып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қызыққа толы жазғы маусымнан соң оқушылар жаңа білім мен жаңа жетістіктер жылына қайта аяқ басты. Жаз бойы олар «Екі апта ауылда», «10 күн ата-ана жұмысында» мектеп жобаларына белсене қатысып, ауыл өмірімен танысып, ата-аналарының жұмысы туралы көптеген қызықты мәліметтер алды.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша үздік жетістіктері үшін 10-сынып оқушысы Әлихан Қалмаханбет АҚШ-тың Стэнфорд университетінде жазғы курсқа қатысып қайтты. Ал «Азат» мектеп шаңырағы «Туған елге тағзым» зерттеу-өлкетану экспедициясы аясында екі апта Атырау өңірінде болды.
Осы жазда алғаш рет «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы шетелдік қазақ диаспорасының балалары үшін «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебін ұйымдастырды. Елордада Ресей, Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 150 оқушы жиналды. Жазғы мектеп аясында балалар Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен танысты.

Алдағы оқу жылы да маңызды әрі мазмұнды оқиғаларға толы болмақ. Өйткені, 2020 жылы Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 75 жыл толады. Оқушыларды Ұлы Отан соғысы батырларының мысалында тәрбиелеу патриоттық тәрбие бойынша жұмыстың басты бағыты болуы тиіс.

2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланғанын да атап өту қажет. «Еріктілік – бұл шынайы патриотизмнің бейнесі, өйткені сіздер өз еліне қызмет етудің игі идеясын, халқыңыз үшін жақсы әрі ыңғайлы жағдай жасауды көздейсіз», – деп атап өтті Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев 20-21 мамыр аралығында Қостанайда өткен Ресей-Қазақстан жастар ынтымақтастығы форумында. Сондай-ақ, 2020 жылы мектеп барлық қазақстандықтармен бірге ұлы жазушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Биылғы оқу жылында Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатарына 140 «Өркен» білім грантының иегері қабылданды. Мектеп директоры Тимур Нуркешов өз сөзінде мектеп қауымына жаңа оқу жылында жемісті еңбек етіп, биік белестерге жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін барлық сыныптарда «Саналы ұрпақ-жарқын болашақ» тақырыбында азаматтылық пен патриотизмнің жалпы республикалық сабақтары өтті.

2018-2019 оқу жылында Тараздық Зияткерлік мектебін 88 түлек аяқтады. Назарбаев Университетіне 31 оқушы түссе, 47 оқушы отандық басқа да беделді университеттерді таңдаған. 10 оқушы Венгрияның, Сингапурдың, Испанияның, Ресей мен Қырғызстанның ЖОО-на шақырту алған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.