Жамбыл облысында 3 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қаржы орталығы» АҚ студенттер жатақханасы бойынша операторлық ету департаментінің сарапшысы Алпамыс Сатыбалдиннің сөзінше, Жамбыл облысында жатақханаға мұқтаж студент жастардың саны 2 780-нен асады. Оның 2030-ы өңірдегі үш жоғары оқу орнында, 750-і колледждерде білім алады. Себебі өңірдегі құрылыс қарқыны демографиялық және көші-қон үдерістерімен сәйкес келмейді.
Жамбыл облысындағы үш жоғары оқу орны мәселені шешуге құлшына кірісіпті. Мәселен, Тараз мемлекеттік университеті 500 орындық жатақхананың құрылысын жүргізуде. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің басшылығы бұрынғы «Тараз» мейманханасының бес қабатты ғимаратын сатып алып, бес жүз орындық студенттер жатақханасына лайықтап, қайта жаңғыртудан өткізуде. Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 500 орындық жатақханасы биыл студенттерді қабылдады. Алпамыс Сатыбалдиннің айтуынша, қалыптасқан жағдайды мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында шешу қарастырылған.
«Бұл жобаға қатысып, мемлекеттік тапсырыстар алу «Қаржы орталығы» АҚ-ға өтініш беріп, құжаттар тапсырудан басталады. Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ және әлеуетті жеткізуші арасында алдын ала үшжақты келісімдер жасалады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында құрылыс нысаны әлеуетті жеткізуші күшімен екі жыл ішінде пайдалануға берілуге тиіс. Бір ескерерлік жайт, мемлекет тарапынан субсидиялар нысан пайдаланылуға берілгеннен кейін, кезең-кезеңімен төлене бастайды», – дейді Алпамыс Сатыбалдин.