Тараз қаласында алдағы жылыту маусымы қарсаңында адамдардың өлімі мен жарақаттануын, сондай-ақ табиғи және ысты газдан улануын болдырмау мақсатында жер үйлерге датчиктер орнатылуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінгі күнге дейін 1673 дана газ сараптауыш құралы орнатылды.
Жұмыстарды Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің және Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының мекемесімен бірлесіп «Өрт қауіпсіздігі» айлығы аясында жүзеге асыруда.
«Газ сараптауыш қондырғыларды тұрғын үй секторында орнату жалғасуда. Тұрғын үйде автономды сигнализатор немесе улы газды анықтайтын датчикті орнату арқылы уланудың алдын алуға болады», — Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Омар Такеев.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан Тараз қаласы аумағында табиғи газбен улану 3 фактісі тіркеліп, оның ішінде 1 адам қаза болған. Сондай-ақ, 4 азамат табиғи газдан зардап шеккен. Мамандар төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында алдағы жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қажеттігін айтады.