Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 84-ші маусымының шымылдығы түрілді. Жаңа маусымды Айша бибі тарихи драмасымен бастады. Театр директоры Болат Бекжанов маусымның ашылуымен құттықтап, осы маусымның қызықты спектакльдермен толығатынын айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жаңа қойылымды көруге өнерсүйер қауым көп жиналды. Айша бибі Болат Бекжановтың туындысы ал қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай. Театр сахнасын сағынған көрермен халық көзайымына айналған әртістерге қошемет көрсетті. Айша бибі анамыз бен Қарахан бабамыздың мөлдір махаббатының қалай басталғанынан бастап, өрбігеніне дейін сипаттап көрсететін қойылым тарихқа негізделген.
Аңыз бойынша Айша бибіні жылан шағып алатынын білеміз. Осы кезді көзбен көріп, жүрекпен сезіну мүлдем бөлек дейді тамашалған көрермен. Қос ғашықтың махаббатынан сыр шертетін шығарма енді арнайы уақыттарда көрермен назарына ұсынылатын болады.