Алдындағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы Саудакент ауылындағы ауыз су жүйесінің жағдайын барлап, жай-күйіне көз жеткізді. «Сарысу сулары» КМК Саудакент ауылындағы су қоймасын қайта жаңғырту керектігінен хабардар болған облыс басшысы ол бойынша әзірленген жобамен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол бойынша «Оңтүстік жер қойнауы» РМК-мен жер асты су қорына берілген қорытындысындағы су көлемі ауылды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіздігі айтылды. Сол себепті жобаның сараптамадан өтуі қиынға соғуда.
Сондай-ақ, айта кетейік, бүгінде ауыз су құбырының 80 пайызы ескіргендіктен 1 балабақша, 2 мектеп және 71 үй ғана тіршілік нәрімен қамтылған. Қалған 913 үйге баратын су жүйесі қолданысқа жарамсыз.
Осы мәселелерге аса назар аударған аймақ басшысы тиісті тұлғаларға түйіткілдің шешу жолдарын қарастыруды тапсырып, қажетті шараларды уақыт созбай атқару керектігін баса айтты.