Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде ювенальды полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Әлеуметтік желілерді дұрыс бағытта пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сондай-ақ, аталмыш жиынға өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, антикоррупциялық қызмет және жастар бірлестігінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Н.Абдулин «Синий кит», «Тихий дом», «Беги или умри», «Разбуди меня в 4.20» секілді өз-өзін өлтіруге шақыратын онлайн-ойындарға қарсы ішкі істер органдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы жағдайларға байланысты 2017-2019 жылдар аралығында кең көлемдегі «Жасөспірім,заң, қауіпсіздік» акциясы, 168 ата-аналар жиналысы, 396 лекциялар мен әңгімелесулер өткізілген.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға «facebook», «WhatsApp», «vk.com» сынды әлеуметтік желілерге бейне- аудио роликтерді жүктеу кезінде немесе желі пайдаланушыларын жиі адасушылыққа апаратын интернеттегі бұрмаланған, қоғамдық дау туындататын жазбаларға қатысты заңда қарастырылған шаралармен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес бір жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бес айлық есептік көрсеткіште айыппұл жазасы қарастырылған «жалған ақпарат тарату» туралы да жан-жақты түсініктеме берілді.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері барлық қатысушыларды әлеуметтік желілерді дұрыс бағытта пайдалануға шақырып, интернеттегі қоғам қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге қатысты күрес жалғаса беретіндігін айтты.