Сарысу ауданында жаңа кітап жарыққа шықты

0 27
Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, рухани жаңғыру аясында Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен ақын, жыршы, жырау-Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығына арналған «Ел мұрасы — ғибрат бастауы» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Халық ақындарының шығармаларының жиналуы, зерттелуі, насихатталуы аса маңызды екендігін осы шараның жүргізушісі айтыскер ақын Алик Бекмұсаев айтып өтті.
— Ұлы бабаларымыз елі мен жері үшін қанша жан берісіп, жан алыса да, ұлттық өркениетін, мәдениетін, әдебиетін мен салт-дәстүрін жоғалтқан жоқ.
Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевше айтсақ: «Мың өліп, мың тірілді».
Сонда да, дүниенің темірқазығы іспеттес руханиятының сәулесін сөндірген емес, қайта түлетті, жетілдірді. Сонымен қоса, осынау туған өлкеміздің өрісін кеңейте түсті.
Тәуелсіздігіміздің «ақ таңы» атқан күннен бастап-ақ өткенімізбен қауышып, өшкенімізді қайта жақтық. Сол уақыттан Ұлт руханияты түгенделуде. Мағжан, Шәкәрім, Міржақып есімдері тіріліп, олардың еңбектері оқулықтарға енуде. Бұл – егемендіктің айқын нышаны.
Ең өкініштісі сол, заманында өңірдің халқына қалтқысыз қызмет еткен азулы ақынның шығармашылығы әлі күнге дейін өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Туған жерінің табиғатын, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін жырына арқау еткен абыз-ақынымызды елемей, ескермей келеміз. Бүгін міне, есімін жас ұрпақ жадында сақтау мақсатында жарыққа шығып отырған Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығы туралы кітап дер кезінде қолға алынған игі іс деп білемін. Оның үстіне, биыл — абыз ақынның 195 жылдық мерейтойы.
Баршаңызға өз заманының ақтангер ақыны, жышры-жырауы болған Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығына арналған кешке қош келдіңіздер.
«Кітап — білім бұлағы» демекші, кітаптан рухани азық алып, ақын шығармаларымен сусындайды деген ойдамын,-деді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.
Содан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті жанындағы «Дулати» институтының директоры, ғалым — Сәмен Құлбарақ жиынның мазмұнын ашып, тарихқа тереңірек бойлап, жиналғандарға кеңінен әңгімелеп берді. Және Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» Пернебай Дүйсенбинмен бірге жаңа кітаптың лентасын қиды.
Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы — Меруерт Көпбаева да қатысып, ақынның ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Осы шарада мектеп оқушылары мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында ақынның өлеңдері тыңдалды.
Мәйкөт Сандыбайұылының республикалық деңгейде дәріптелуіне үлкен үлес қосқан ұрпағы-ардагер  Егізбек Сәтов  қария сөз сөйлеп, жаңа кітап оқырмандарына жол тартты.
Leave A Reply

Your email address will not be published.