Салауатты өмір салтының олжасына айналар оң істердің нәтижесі де Жамбыл облысының 80 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі аясында облыс тұрғындарына тарту болмақ , деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Яғни, Тараз қаласының Жансая мөлтек ауданы мен Талас ауданындағы Қаратау қаласы, Көктал, Үшарал ауылдарында және Жуалы ауданының Қарабастау ауылында спорт алаңдары ашылып, пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Тараз қаласында «Қабілет», «Азимут» аула клубтары мен «Қамұқат» тұрғын алқабындағы 150 орындық жеке меншік балабақша және «Үшбұлақ» жағажайының маңындағы кіші архитектуралық композициясы ашылады.
Облыста бұрын соңды болмаған бірегей жоба, Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында ата-баба дәстүрін жалғастырушы «Шаушен» ШҚ қымызбен емдеу орталығының жанынан 50 адамға арналған сауықтыру кешені іске қосылады.