Тараз қаласында жылдар бойы кезекте тұрған көп балалы аналарға жатақхана берілді. Жаңа жатақханадан баспаналы болған отбасыларға пәтер кілтін аймақ басшысы Асқар Мырзахметов табыстады,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Пайдалануға беріліп отырған 45 пәтерлі жатақхананың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын санузел бөлмесі бар.
Жалға берілсе де құны 3 500 теңгеден аспайды. Бұл талай жыл кезекте тұрған отбасылар үшін тамаша тарту әрі үлкен көмек болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен көп балалы аналарды баспанамен қамту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл басында аймақ басшысы аналармен кездесіп өңірден 8 жатақхана салу туралы уәде берген болатын.
Бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде 18 565 адам тұрса, оның ішінде 1784 көпбалалы отбасы, 8593 әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар.
Осыған дейін шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі 9 тұрғын үй немесе 720 пәтер халық игілігіне берілді. Жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй беріледі.
Бүгінде «Қарасу» (5) және «Арай» мөлтек ауданында көпбалалы отбасыларға арналған 6 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналуда, инфрақұрылым мәселесі толықтай шешілген.