Жамбыл облысында «Әуендер әлемі» алаңының салтанатты   ашылу   рәсімі өтті

0 15

Жамбыл  облысының   80  жылдығына  орай «Әуендер әлемі» алаңының салтанатты   ашылу   рәсімі өтті, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Нысан Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің маңында орналасқан. Аумағы 700 шаршы метрден асады. Бұған дейін қараусыз жатқан алаң маңындағы аллея қайта жаңғыртылып,  қалпына келтірілуде.

Айта кетейік, еліміздің  атын  әлемге  танытып  жүрген музыка өнері  қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап,  өнегелі   өмір   жолын  бүгінгі   ұрпаққа  үлгі ету  мақсатында   ашылған  алаңның ортасына өнер иелерінің  құрметіне арналған стелла қойылған. Оның биіктігі – 6,5 метр. Стеланың айналасына  отыз тұғыр тас орнатылған. Оларға қойылған алпыс жұлдыз белгісіне еліміздің  мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлғалар мен өнер жұлдыздарының есімдері  жазылған.    Стелланың тұғырына Ж.Жабаев, Б.Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылған.

Қымбатты жерлестер! Бүгін өте қуанышты күн. Бұл да бір тарих. Әрине, сонау Совет Одағы, қиын кезеңде осы Жамбыл облысынан Серік Қонақбаев деген бауырларыңыз екеуміз барып, қазақ елінің кім екенін дүниежүзіне танытып, біреуіміз алтыннан, біреумізі күмістен медаль тағып келіп едік. Міне, енді менен кейін де қаншама ізбасарларым, осы Жамбыл облысынан шыққан азаматтар бүкіл дүниежүзіне аты танымал болып, қазақ елін танытып жүр. Соған бәріміз қуаныштымыз. Облысымыздың 80 жылдығы құтты болсын, ізбасарларымыз көп болсын!, — деді Жақсылық Үшкемпіров.

Нысанның ашылу салтанатында Қазақстанның және Қырғызстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаев сөз сөйлеп, кейінгі жылдардағы өңірдегі өркенді істер туралы айта келе, руханият пен мәдениет бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол ашылғалы отырған нысанның облыстан шыққан өнер адамдарына деген шексіз құрметтік белгісі екендігін марқая жеткізді. Шара барысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов  «Әуендер әлемі» алаңына есімдері  жазылған өнерпаздарға сертификаттар табыстап, өнер мен өмірде сәттілік тіледі.

— Берекелі өнерге тұнып тұрған өлке десем мен қателеспеймін. Енді бүгін міне игі істің үлкен шарасына келіп, мерейтойда жаңа ғана өздеріңіз куә болған азаматардың Кенен ата мен Асқар атамыздың ескеркішін аштық. Бүгін мінекей нұр үстіне нұр жауып жатыр. «Әуендер әлемі» туралы кішкене сөз айту мүмкін емес, бұл үлкен әңгіме. Бұл сонау Сауытбек ата, Балуан шолақ атадан бері қарай мынау өлкеде солардың жалғасы болып отырған әуен, ән әлеміндегі өзіміздің тұлғаларға қойылып жатқан ескерткіш, ағайын. Құтты болсын! Шын жүрегіммен ризамын. Көзі тірі кезінде бейнесін көріп, аттарын оқып отырған келешек ұрпақ сол Кенен, Асқар аталарына ұқсайтынына мен кәміл сенімдімін. Еліміз аман болсын. Өнер бар жерде қазақ бар. Қазақ бар жерде өнер бар, -деді Алтынбек Қоразбаев.

Бүкіл Жамбылдықтарды, Әулиеата халқын керемет мерекемен құттықтаймын. Қазақ айтады: «Өскен ел — тарихын тасқа жазады» деп. Көне тарихымызды сақтаған Тараз жері қаншама балбал тастарды сөйлетіп отырса келер ұрпаққа, кешегі біздің замандасымыз болған нарқасқа тұлғаларымыз Асқар Тоқпановтың , Кенен Әзірбаевтың екі керемет мәдениет ошақтарына атын беріп, алдына ескерткішін орнату — бұл үлкен жақсылық деп ойлаймын. Осы ескерткіштерді көрген жастар Кенен атамыздың Асқар Тоқпановтың өмір тарихын танып, соларға ұқсап, солардың арманын ары қарай жалғастырады. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы даламызда тек қана жақсылық болсын. Елдің атын шығарған азаматтарды көзі тірісінде де, өмірден озғаннан кейін де бағалай білейік! —  деді Оразкүл Асанқазы.

Жамбыл өңірі еліміздің өнер әлемінде қанатын кеңге жайған жайсаңдардан кенде емес.  Олар тек облысқа ғана емес, барша еліміздің мақтанышына да айналуда. Қазақ киноөнеріндегі айрықша тұлғалар Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, ән өнеріндегі азаматтар Илья Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Мэлс Өзбеков және тағы басқаларды айрықша атап айтуға болады. Бүгінде осы тұлғалардың ізің жалғап келе жатқан таланттар аз емес. Бұл алаң солардың өнеріне деген құрмет белгісі десек қателеспейміз.

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары! 80 жылдық мереке құтты болсын! Қазіргі таңда спортта үлкен даму жүріп жатыр. Қай сала болсын, спортымыздың қай түрі болсын үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз. Демек, бұл біріншіден Тәуелсіздігіміздің арқасы, еліміздің тыныштығының арқасы. Сондықтан да спортшыларға қолдау көрсетіліп жатыр. Спортта биік жетістікке жеткен спортшыларға құрмет көрсетіліп, есімін тасқа жазып жатыр. Өте қуаныштымыз. Спортымыз дами берсін. Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді Елдос Сметов.

-Өзіміздің туған елімізде, туған жерімізде осындай үлкен керемет той өтіп жатқанына қуаныштымыз. Еліміз көркейіп, гүлдене берсін. Жамбыл, Әулиеата өңірінен шыққан өнер адамдарына, өнер майталмандарына жасаған үлкен марапатына біз қуанамыз. Еліміздің елеп, ескеріп жатқанына қуанамыз. Әуендер әлемі, Кенен Әзірбаев ескерткіші ашылып жатыр. Осының бәріне ортақтасамыз деп, қуанышты тойды көреміз деп алыстан құстай ұшып жеттік. Құтты болсын! —  деді Гүлмира Ақүрпекова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.