Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараздағы » Баласағұн» орталық концерт залының алдынан Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, жырау, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Кенен Әзірбаев — қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Кенен Әзірбаевқа биыл 135 жыл.
Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай және Кенен атамыздың ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды.
— Өз даласының құдіретін жырға, әнге қосқан азаматтар батырлар да ақындар да аз болмаған. Солардың ішінде бірегейі Алатаудың ақиығы сал серінің соңы, жыр алыбы Жамбылдың шәкірті жыр дүлдүлі, ән дүлділі Кенен атамыздың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл үлкен іс- шара, облысымыздың 80 жылдығына арналды. Осындай ізгі ниетті перзенттік парыз санаған облыс әкімі мен аппаратына ұйымдастырған жалпы азаматтарға алғыс айтқым келеді, -деді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов барша жамбылдықтар атынан ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген көрмені тамашалады.
—Мен Жамбыл облыстық филармониясын 3,5 жылдан аса басқардым. Көзіме оттай ыстық басылып тұр. Осы жерді басқарып тұрған кезде филармонияның атауы жоқ еді. Ең бірінші, ұжыммен ақылдаса отырып Кенен Әзірбаев атамыздың атын осы филармонияға берейік деп ұсыныс айтып, сол кезде құжаттарын тапсырып, қолдайтын шығар деген үлкен үмітте болған едік. Мінекей, мен қызметтен кетсем де, кезінде жасап кеткен еңбегімнің жемісін көріп қуанып жатырмын. Филармонияның 50 жылдығында Кенен атамыздың аты берілген еді, енді облысымыздың 80 жылдығына орай еңселі ескерткіші орнатылып жатыр. Өте қуаныштымын. елімізде тыныштық болсын, туған жеріме тек қана осы елден шыққан бір перзенті ретінде шын жүрегіммен тілектеспін, құттықтаймын! — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова.
Айта кетейік, жыр алыбы – Жамбылдың жанында жарты ғасыр уақыт жүріп қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен аты ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылған есім саналады. Өткен жылы жыр дүлдүлінің есімі облыстық филармонияға берілген болатын. Сондықтан да оның ескерткіші дәл осы облыстық филармония қоныстанған «Баласағұн» орталық концерт залының алдына қойылуы өте ұтымды ұсыныс болып отыр. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.