Жамбылдық еріктілер  жалғызбасты анаға қол ұшын созды

0 7

Жамбылдық бір топ ерікті жас республикалық «Біргеміз» акциясы аясында жалғызбасты ана, Тараз қаласының тұрғыны Гүлжан Есқараеваға қол ұшын созды. Олар  жас ананың кіші қызы Інжуді қырқынан шығару салтын ұйымдастырды,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Гүлжан бүгінде Маржан, Інжу атты екі қыз тәрбиелеп отырған жас ана. Бұл игі шараға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы  жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Аталмыш шараға ақын Үміт Битенова мен Тараздағы «Ақжүніс» аналар қоғамының төрайымы Жанат Естаева қатысты.

Еріктілер Гүлжанға қажетті азық-түлік, киім-кешек апарып беріп, үйінің ауласын тазалауға қолғабыс жасады.  Ел аналары бүлдіршінге ақ  батасын беріп, үлкен өмірге сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Гүлжан Есқараева еріктілер жылының жылы лебін сезіндірген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Жалғызбасты ананың жағдайы белгілі ғой. Шынымды айтсам, тұрмыстық мүмкіндігім жетпей, бүлдіршінімді қырқынан шығаратын уақыты өтіп бара жатыр еді. Бүгін, міне еріктілер барлық қажеттіліктерді өздері алып келіп, қызымды қырқынан шығарып берді. Сол үшін ризашылығымды жеткіземін»,-деді жүрегі елжіреп.

Жамбылдық еріктілердің  бұл секілді игі шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.