Тірі табиғаттың өзі адам үшін үлгі-өнеге. Адамзат жануарлар әлеміне қарап-ақ дерек пен шынайы мысал алса болады. Жануарларға білім берілмегенімен, оларда түйсік бар. Ал түйсік ешкімді де алдамайтыны анық.
Ғалымдар он шақты жәндікті алып, індетпен қалай күресетінін зерттеу үшін тәжірибе жүргізген екен. Зерттеуге құрт, термиттер мен құмырсқаның бірнеше түрін алған. Соңғылары – Испания, Италия, Германия жерінде өмір сүретін құмырсқалар. Оларды зертханада қолдан жасалған илеуге енгізген.
Ал зерттеуге алынған «құрбандық иелеріне» ғалымдар жәндіктер үшін ең қауіпті қотыр – Metarhizium anisopliae саңырауқұлақшасын «егіп», ауру жұқтырады. Құмырсқаның әрбір колониясынан да бір-бір құмырсқа таңдап алып, жаңағы ауруды өлтіретіндей дозасын ағзасына егіп, бес күн бойы бақылауға алады. Ал аурудың қалай жұққанын қарап отыру үшін биологтар саңырауқұлақшаның геніне арнайы ДНҚ орналастырған көрінеді.