Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында, «Еріктілер» жылына орай 25-26 ақпанда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Бірлік түбі – береке» мәдени керуен іс-шарасы өткізілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ауыл тұрғындарын мәдени, рухани дамыту, бос уақытын тиімді пайдалану, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында жүргізілген шаралар Қордай ауданының бірнеше ауылдарында болып қайтты.
«Бірлік түбі — береке» мәдени керуені іс-шарасы аясында 25 ақпанда Қарасу ауылдық №7, Масаншы ауылдық №13 орта мектептері мен Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» өлкелік туризм аясында Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат…» әдеби постулат өтті.
Шарада кітапханашылар ғұлама ғалым Әл-Фарабидің трактаттарын, өлеңдерін оқып, қойылымдар қойып, достық, бірлік, татулық жайлы әндер шырқады. Ауыл қарияларына сөз беріліп, ұлттар арасындағы достықтың маңызына тоқталды.
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қарасу, Масаншы, Әлжан ана ауылдық кітапханаларына 300-ден аса кітап сыйға беріп, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Жүсіп Баласағұнның 1000, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай дайындалған электронды форматтағы ақпараттық фолдердің дискісін тарту етті.
Қаракемер ауылдық клубы, Ауқатты ауылдық №9 орта мектебінде және Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы көрерменге жол тартты.
Концертте «Тараз» триосының орындауында К.Әзірбаевтің «Көкшолақ», «Туған жер» әндері, филармония әншілері Қ.Қуанышбаев, Б.Ділдәбекова, С.Жуатбекова мен Ж.Өстемірова өнер көрсетіп, «Илигай», «Боз жорға», «Бұлбұл», «Мереке», «Бабалар арманы», «Жастық шақ», «Аяулы бағым» әндері, орыс әндерінен попурри орындады.
Облыстық кино орталығы 25 – 26 ақпан күндері Масаншы ауылдық №12,№13, Қарасу ауылдық №7, Бұлар батыр ауылдық №19, Ауқатты ауылдық №9 орта мектептерінде «Мұзбалақ», «Көне құмыраның сыры», «Қажымұқан», «Союзмультфильмнің» мультфильмдер жинағы, Менің атым Қозы, Отырарды қорғау, Киелі Қазығұрт, Ордабасы бірлік туы анимациялық және «Аруақ», «Бала ғашық», «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмдерін көрсетті.
26 ақпанда Жамбыл облыстық орыс драма театры Бұлар батыр ауылдық №19, Масаншы ауылдық №12 орта мектептерде «Считаю до пяти» ертегісін сахналап, көрермен ризашылығына бөленді.
2 күн бойы қайырымдылық мақсатпен жүрген керуен ауыл тұрғындарына, тұрмыстық және гигиеналық тауарлар, балаларға мектеп сөмкелері, кеңсе заттары мен жылы күртешелер сыйға тарты.
Өткізілген шараға ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, Қордай ауданы Әлжан ана ауылының тұрғыны, құрметті ұстаз, зейнеткер Анаркүл Ыдырысқызы «Өлеңмен өрілген — өмір» кітабын Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына тарту етті.