Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына Тұрар Рысқұлов ауданынан Құмарық ауылдық округі кірген болатын. Бүгінде 5 бағыт бойынша қаржыландыру жұмыстары аяқталып келеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жоба бойынша аталған елді мекендегі 450 ауланың І-ші бағыты өз үй іргесіндегі жері игерілетін болады. Бүгінде «Құмарық-Тау» АӨК-нің агрономы мен 12 адамнан тұратын жауапты тұлғалар бекітілген. Көктемде үй іргесіндегі жерлерге таңқұрай, қияр, картоп, сарымсақ дақылдары егілмек. Қажетті тұқым «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» арқылы алынады. Қазір келісім шарт жасалып, «Құмарық-Тау» АӨК-не алынған техникалар ауыл тұрғындарының жерін иегру бойынша жұмыстар атқаруда.
Ал ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану жұмыстарын қаржыландыру аяқталуға жақын. Мал алуға 252 аула құжат тапсырып, 22 аула әртүрлі себептермен бас тартқан. Бүгінде 211 аула 636 000 000 теңге қаражатқа қол жеткізіп , төрт- түлікті сатып алуда.
Жобаның бойынша қазір 3501 бас қой, 103 сиыр, 48 бас бұқашық және 242 бас жылқы малы сатып алынған болса, оның 95% аналық. Төрт- түліктің , денсаулығының дұрыстығы мен тиісті құжаттырының рәсімделуі аудандық ветеринар қызметкерлердің және кооператив зоотехнигінің тұрақты бақылауында.
Төртінші бағыт бойынша кооперативтерді жабдықтау және құру мал азығына қажетті ауыл сыртындағы және үй іргесіндегі жерлерді игеруге 89 950 000 теңгеге 17 дана техника алынған.
Бесінші бағыт бойынша тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бағыты бойынша бүгінгі күнге 3 жоба ұсынылыпты. Жалпы құны 38,0 млн. теңге. Жобалардың қатарында тігін шеберханасы, тұшпара цехымен сыр цехы бар.
Қазіргі таңда аталған жобалар қаржыландыру үстінде.