Көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын

0 1

Көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Аймақтағы шаруалар қауымы қолайлы ауа райын пайдаланып, тәулік бойы тынбай еңбек етуде , деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Бүгінде жаздық масақты дәнді дақылдарды себу жұмыстары толық аяқталды. Облыс бойынша 215,4 мың гектарға дән себіліп, өткен жылмен салыстырғанда 27,0 мың гектарға артып отыр.
Сонымен қатар, 31,4 мың гектарға (2019 жылы – 27,3 мың га.) көп жылдық шөп, 31,7 мың гектарға (2019 жылы – 27,2 мың га.) көкөніс, 18,5 мың гектарға (2019 жылы – 9,9 мың га.) дәндік жүгері, 13,8 мың гектарға (2019 жылы – 12,5 мың га.) бақша дақылдары, 8,8 мың гектарға (2019 жылы – 5,6 мың га.) картоп және 33,7 мың гектарға (2019 жылы – 28,9 мың га.) бір жылдық шөп егілді.
Одан бөлек, 53,1 мың гектарға (жоспар — 64,0 мың га.) майлы дақылдар егіліп, егу жұмыстары 82,9 процентке аяқталса, 4,2 мың гектарға (жоспар — 5,4 мың га.) қант қызылшасы отырғызылып, жоспар 77,8 процентке орындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жекелеген аудандарда әлі де жалғасуда.
Жалпы биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 710 мың гектарға орналастыру немесе өткен жылмен салыстырғанда 22,9 мың гектарға (3,3%) артттыру жоспарланған.

Ал, аудан әкімдіктерінің берген мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың өніміне жалпы күздік дақылдар 137,4 мың гектарға орналасқан. Оның ішінде 136,3 мың гектар күздік бидай және 1,1 мың гектар күздік арпа егілген. Сондай-ақ, ақпан айында алынған монолиттік сараптама жалпы 137,4 мың гектар күздік дақылдардың 76,1 мың гектарының жақсы, 51,8 мың гектарының қанағаттанарлық және 9,2 мың гектарының нашар шығып тұрғаны көрсеткен. Сонымен қатар, егістіктің сапасын арттыру үшін техникалардың да сапалылығы маңызды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев көктемгі егіс-дала науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары барлық аудандарда жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізілуде екенін жеткізді. Жалпы, облыс бойынша биылғы жылы барлығы 8419 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген екен. Және 4536 тракторлардың барлығы көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге дайын.

Айта кетейік, қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкін, болғанын атап өткен. Жалпы, төтенше жағдай кезінде де көктемгі дала жұмыстарына кедергі келтірілмеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.