Жамбыл облысында блок-бекеттер алынды

0 3
31 мамыр күні кешке Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов Жуалы ауданындағы блокбекетті жабуға қатысты. 1 маусымнан бастап Жамбыл облысында облыс және аудандық елді мекендер арасындағы блок-бекеттер алынды , деп хабарлайды «ZhambylNews”  АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы блок-бекеттегі қызметкерлер алдында сөз сөйлеп, ҚР ІІМ министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан өз үйінен, отбасынан, дала жағдайында тәулік бойы жан аянбай қызметте тұрған полиция және медицина қызметкерлеріне, әскери қызметшілер мен еріктілерге азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.
Салтанатты түрде полиция генерал-майоры Ж.Сүлейменов барлық қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті.
Өз кезегінде Жуалы аудандық орталық ауруханасының аға медбикесі Алма Жұмамұрат пен волонтер Шолпан Жалғасбай блокбекет жұмысының аяқталуына байланысты Полиция департаментінің бастығына блок-бекетте қызмет еткен қиын уақытта көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді. Олар алдағы жұмыста да өз әріптестеріне денсаулық және табыс тіледі.
Туыстары мен жақындары күтіп отырған полиция қызметкерлерінің де блок-бекеттегі жұмыс уақытының соңғы сағаттарындағы қуаныштары көрініп тұрды.
— Біздің қызметімізге түсіністікпен қарай білген азаматтарға ризамыз, — деді Жуалы АПБ ЖПҚб аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ержан Саурықов — Біздің қызметімізге барлық жағдай жасап, еңбегімізді бағалағаны үшін ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевқа алғысымызды айтамыз, — деп атап өтті.
Статистикаға сәйкес, 31 наурыздан 30 мамырға дейінгі аралықта Жамбыл облысының блок-бекеттері арқылы 800 мыңнан астам адам және 700 мың көлік өтті.
Карантин кезінде облыстық және аудандық блок-бекеттерде 216 полицей, 115 медициналық қызметкер, 112 әскери қызметші және 37 әкімшілік қызметкерлері қызмет атқарды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.