Балық шаруашылығын дамыту мәселесі Жамбыл облысы үшін маңызды күйінде қалып отыр. Бүгінде балық өсірудегі аймақтың бұрынғы даңқын жаңғырту жолында бірқатар жұмыстар қолға алынуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл ауданының «Сандель» шаруа қожалығының балық тәлімбағы аумағында өткен семинар-кеңес барысында саланың жағдайы туралы жан-жақты сараланды. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен облыстың әр түкпірінен балық жемін өндіретін компания мамандары қатысты.
⠀
Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екендігін, бірақ, өкінішке орай, экономиканың бұл саласына тиісті назар аударылмайтынын, кейінгі уақытта ол дамуын тоқтатып қана қоймай, құлдырап бара жатқанын атап өтті.
⠀
Аймақ басшысы балық шаруашылығын жандандыру қажеттігіне көңіл бөлді. Қазіргі таңда облыс бойынша жылына мың тонна балық өндірілсе, ал Кеңес кезінде бұл көрсеткіш шамамен бес мың тоннаны құраған. Сол себепті ол өңірдегі импортқа тәуелді саланың бірі болып қалуда.
⠀
Бір кездері Жамбыл облысы ірі балық өндіруші өңірлердің бірі болған. Ал бүгінде Балқаш көлінен шамамен 700 тонна балық ауланады, ал ауылшаруашылық кәсіпорындарымен тағы 300 тонна алынады. Бұл өте аз. Балық шаруашылығы қайта экономиканың маңызды салаларының біріне айналуы тиіс. Мемлекет алға дамып келеді. Мал азықтарын субсидиялауға ақша бөлінуде. Бірақ мәселелер әлі де жоқ емес. Облыста балық өсірумен тек 60 шаруашылық айналысуда десек, олардың бесеуі ғана ірі құрылым саналады. Тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыру керек. 2021 жылы бұл тұрғыдағы өсімді 2400 тоннаға, 2022 жылы 3000 тоннаға, 2025 жылы 3500 тоннаға дейін жеткізу қажет, — деді ол.
⠀