16 маусым күні Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін «Жамбыл дарыны» орталығында орталық түлектеріне куәлік тапсыру салтанаты өтті. Жалпы орталықта 1783 оқушы түрлі үйірмелерге қатысуда. Билығы жылы оның 495-і орталықты тәмамдағанын растайтын куәлікке ие болды , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Бүгінгі таңда 50-ден аса тәрбиеленуші халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанып, орталықтың мақтанышына айналды.
Еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты салтанатты кеш барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді. Әр топты 10 оқушыға бөліп, орталық директоры Шәриякүл Қашқынова түлектерге куәліктерін тапсырды.
Марапаттау рәсімі «Жұлдызды кеш» атты шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Хореография студиясының «Тұмар ханым» би тобы «Бал бөбек» қазақ биін орындаса, домбыра үйірмесінің оқушысы Ахмет Нұржанәлі Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін шертті. Кеш соңында вокал үйірмесінің оқушысы Сәрсебек Әрсен «Тамаша» әнін орындап, көрермен қошеметіне бөленді.