Жамбыл облысында ұлттық құндылыққа толы «Музей түні» өтті

0 12

Жамбыл облысында ұлттық құндылыққа толы «Музей түні» өтті , – деп хабарлайды   “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Ұлттық құндылықтар» атты музей түні өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында іске асқан іс-шара ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатын басты назарға алды.

Тарих толқынындағы тұлғалардың мол мұрасымен қатар рухани жәдігерлерімізді насихаттауды қамтыған түнгі музей университет ауласымен қатар «Баласағұн» музейінде өтті. Оқу ғимаратының алдында халқымыздың атбегілік, құсбегілік, қонақжайлылық қасиеттерінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылса, музей ішінде қазақтың құйқылжыған күйі күмбірлеп, тарихи тұлғаларымыздың экспонаттары көрсетілді.
.
Адамзат баласының даму эволюциясынан сыр шертетін «жабайы адам», күнгей түркі сақ халықтарының байырғы заманда ел билеген атақты әйел патшайым – Тұмар ханшаның (Томирис), орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған «Құтты білік» дастаны және оның авторы, ойшыл Жүсіп Баласағұнның, әлемге әйгілі ойшыл, философ, әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің, қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болғанын «Алтын адам», даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай ханның және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының экспонаттары ұсынылды. Айта кетейік, тірі экспонаттардың рөлін сомдауға «USTAZ» университеті «Жансарай» студенттік халықтық театрының студенттері және белсенді студенттер атсалысты.
Терең тарихымыздан сыр шертетін тірі экспонаттармен қатар, оқытушылардың авторлық туындылары да көпшілікке ұсынылды. Нақтырақ айтқанда, «USTAZ» университетінің оқытушылары: Бекболат Аманжолұлы, Дархан Ізтілеуов, Жамбыл Елемесұлы «Қазақ шаңырағы» логикалық-танымдық ойынын ойлап тапқан. Басты мақсат — ұлттық құндылықтарымызды ойын технологиясы арқылы кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру, көпшілік арасында насихаттау.

Аталмыш ойынның ерекшелігі де сол — қазақ халқының жеті қазына, бес анық, киіз үй, шежіре, тәуелсіздік нышандары сынды танымдық құндылықтары ойынның басты элементке айналған. Дамино принципі арқылы жүзеге асатын бұл ойынды кез-келген жастағы адамдар ойнай алады, тіпті білім беру саласында кез-келген пәнде арнайы тақырыпқа сәйкес пайдалануға болады. Бұл бастама Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті оқытушыларының инициатива білдіруімен алғаш қолға алынған және арнайы авторлық құқықпен қорғалған.

Сондай-ақ, авторлық туындылар қатарында «Үш бас асық» ойыны да бар. Бұл ойын халқымыздың асық ату ойынының заманауи үлгісі. Жиналмалы үстелде ойланатын бұл ойын кез-келген жерде ойнауға ыңғайлылық туғызады.
Дәл осындай кереметтердің куәсі болған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы «USTAZ» университетінің креативті бастамаларына оң бағасын берді.
Ұлттық мұраларымыздың құнтты қадірін асқақтатқан шара USTAZ университеті жастарының гимнімен қорытындыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.