Еліміздегі карантин салдарынан биылғы жылы университет және колледждің бітіруші түлектері дипломдық жұмыстарын онлайн форматта қорғауда. Сондай-ақ, мемлекеттік емтихандар да онлайн тапсырылатын болады. Ал, Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің бітіруші түлектері қорытынды аттестацияны «Zoom» платформасы мен ЖамбылТИПО электрондық порталы арқылы қашықтықтан тапсыруды бастады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Жамбыл политехникалық жоғарғы колледже экономика қажеттілігіне сай мамандар даярлаудың көп сатылы жүйесі жүзеге асырылады. Мұнда бүгінгі таңда 32 білім беру бағдарламасы бойынша білікті мамандар даярланып жатыр. Оқу орны күндізгі және қашықтықтан оқыту формалары бойынша мемлекеттік білім гранттары және ақылы негізінде білім береді. Жаһандық пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында колледжде аралық және қорытынды аттестацияны қашықтықтан өткізу «ZOOM» платформасы және білім басқармасының «ЖамбылТИПО» электрондық білім беру порталы арқылы жүзеге асуда. Бұл аурудың алдын алуға жол ашары сөзсіз.
-Білім министрлігінің қаулысына сәйкес 1-3 курс студенттері емтихандарын, бітіруші түлектер дипломдық жұмыстарын онлайн форматта қорғап жатыр. Баға қою алгоритімі алдын-ала талқыланған болатын. Соған сәйкес әдіснамалық жинақтар әзірленді. Студенттер ақпан-наурыз айларында жұмыстарын алдын-ала бір рет қорғап шыққан болатын,-дейді оқытушы Мөлдір Айтбаева.
Биылғы жылы бұл оқу орнын 20 мамандық бойынша 637 түлек аяқтайды. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында дипломдық жобаны қорғауға – 543, қорытынды емтихан тапсыруға – 4638 студент қатысады деп күтілуде. Сәйкесінше, әрбір студент емтихан кестесін zhambyltipo.kz сайтынан көре алады. Айта кетейік, қорытынды аттестаттау 15-28 маусым аралығында өтеді. Аталған колледж бен аймақтағы өндіріс орындары тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде биыл колледжді аяқтаған түлектерді Казфосфат, Тараз энерго орталығы, Энерджи-Тараз, Мыңарал-тас компаниясы сияқты ірі кәсіпорындар жұмысқа орналастыруға ниет білдірген көрінеді.