Жамбыл облысында тұрғындар мұқтаж жандарға асарлатып тегін үй салып беруде

0 2

Жамбыл облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімінің тапсырмасымен асарлатып үй салу жобасы қолға алынды. Қазір әр ауылдан тұрмысы төмен, баспанаға зәру отбасылар анықталып, демеушілердің көмегімен құрылыс жұмыстары басталды,-деп хабарлайды  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ежелден бар «Асар» дәстүрі әулиеата өңірінде қайта жаңғырды. Мәселен шалғай жатқан Мойынқұм ауданының 8 ауылында қариялар дың ұйытқы болуымен ерікті ауыл жастары баспана салуды бастады. Қазір Қарабөгет ауылдық округіне қарасты құмөзек ауылында құрылыс қызу жүріп жатыр. Құм мен тас төселіп, іргетастың орны қазылуда.
Бұл дәстүр Байзақ ауданында да өз жалғасын табуда. Мектепте еден жуып еңбек етіп келе жатқан Ғалия Құрманова 4 баланың анасы. Осыған дейін туған-туыстарын паналап жүр. Күн жылынғаннан бері киіз үйге орналасыпты. Бүгінде мұқтаж отбасына байзақтық еріктілер демеушілік жасап төрт бөлмелі үйдің іргесін көтерген.

— Отбасының жағдайын көріп тыныш отыра алмадық. Біз еңбегімізді әшейін көмек ретінде береміз. Ешқандай ақы алмаймыз. Қолымыз босаса келіп, көмектесіп кетеміз. Қайтеміз енді. Оның да семьясы жас болып тұр. Жұмысқа жарамай жатыр. Халық болып қол ұшын созып жатырмыз,-дейді ауыл тұрғыны Пернебек Тыныштықбаев.

Игі бастаманы жергілікті әкімдік қолдап, отбасыға 15 сотық жер телімін қарастырған. Қажетті техникамен де қамтамасыз етіліп отыр. Қазір асарға келген ағайын үйді күзге дейін бітіріп беруге тырысуда.

-Үй салуға жағдайымыз болмады. Баспананың зарын тарттық. Алғашында үш бөлмелі уақытша тұратын кішкентай үй болса дегенбіз.Кейін ағайын жұмылып көмектескен соң дәліз қостық. Енді бес бөлме болды. Ауылдың тұрғындарына рақметімді айтамын. Асарға келіп жатқан ағаларым бар, балаларым бар, інілерім бар. Рақмет бәріне. Менен қайтпаса да Алладан қайтсын,-деп ағынан жарылды көп балалы ана.
Құрылыс материалдарымен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. Мәселен, қазір ауданда 9 мектеп жөндеуден өткізіліп жатыр. Жаңғырту кезінде шыққан ағаш, шатыр жабындыларының біраз бөлігі жарамды. Міне осы материалдар жинақталып, мұқтаж азаматтарға үй салып беруге жұмсалуда. Қазір аталған аудандағы 18 ауылдық округте осындай игі шара бастау алған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.