Жамбыл облысында коронавирусты инфекцияның 52 жағдайы тіркелген

0 0

Ағымдағы жылдың 26 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Жамбыл облысында коронавирусты инфекцияның 52 жағдайы тіркелген, оның 26-сы симптомдық, 26-сы симптомсыз , — деп хабарлайды  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Атап айтсақ, Тараз қаласында 10 симптомдық оқиға анықталды, оның ішінде бір байланыста болған тұлға бар. Ал, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында 3 жағдайдан, Сарысу, Жуалы, Байзақ аудандарында 2 жағдайдан (бір байланыс жасаушы тұлға), Мойынқұм, Шу, Қордай, Жамбыл аудандарында 1 жағдайдан тіркелді.

Симптомдық коронавирус инфекциясына шалдыққандардың қатарында 10 зейнеткер және бір жаңа туған сәби бар.
Симптомдық тасымалдаушылар инфекциялық және провизорлық стационарларға жеткізілді.
Олармен байланыста болған тұлғалар карантинге оқшауланды.
Ошақтарда қорытынды дезинфекция жүргізілді.

Сондай-ақ, өткен тәулік ішінде симптомсыз аурулар бойынша Шу ауданында 8, Тараз қаласы, Байзақ және Қордай аудандарында 4, Мойынқұм ауданында 3, Меркі және Жуалы аудандарында 1 жағдайдан және Шымкенттен әкелінген 1 оқиға расталды. Олардың арасында 4 зейнеткер және бір жаңа туған бала бар. Бұл науқастардың барлығы үй карантиніне алынды.

Жалпы, ағымдағы жылдың 26 шілдесіндегі жағдай бойынша Жамбыл облысы аумағында коронавирусты инфекцияның 3288 жағдайы тіркелген. Оның 1453-і емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.