Басты мақсат — сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру

0 1

Басты мақсат — сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.у.а Қайрат Амановтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды , — деп хабарлайды “ZhambylNews”  ақпараттық агенттігі.

Алдымен облыстағы негізгі сүт өңдеуші кәсіпорын басшыларына «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобаның негізгі бағыттары түсіндірілді. Жалпы жобаның негізгі тетігі – облыстағы негізгі ірі сауда желілеріне несие беру арқылы тауар өндірушінің өнімін тікелей сатып алу шартын жасау, оның ішінде тауар өндіруші жеткізген тауардың құнын жеткізілген күні несие есебінен төлем жүргізу болып табылады. Сонымен қатар, тауар өндірушінің өзіне жеңілдетілген несиені ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін тауар өндіруші өз өнімін тікелей немесе бөлшек сауда орыны арқылы тұтынушыға өткізеді.

Жиын барысында өндірушіден сауда желісіне өткізілетін тауардың көтерме бағасының ең төменгі деңгейі талқыланып, ұсыныстар мен ескертулерге сәйкес сүт өнімдерінің жеткізілетін бағасы мен көлемі, жауапты тауар өндіруішілердің тізімі нақтыланды. Сонымен бірге, алдағы уақытта сауда желісіндегі тауарды қабылдау мен өткізу шарттарын айқындау бойынша сауда өкілдерімен бірлескен жиын ұйымдастыру бойынша ұсыныс берілді.

Сондай-ақ, басқосу кезінде сүт өңдеуші кәсіпорын басшыларына 2020-2023 жылдары сүт бағытындағы кәсіпорындардың жүктемесін 80%-ке жеткізу бойынша әзірленіп жатқан жоба таныстырылды.
Бүгінгі күні облыста 19 сүт өңдеуші кәсіпорын тіркелсе, олардың жылдық қуаты 94 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта нақты жұмыс істеп тұрған 15 кәсіпорын өткен жылы 53,2 мың тонна сүтті қайта өңдеген.

Осыған байланысты облыстағы 9 кәсіпорынның жүктемесін 80%-ке жеткізу үшін «Еңбек-2020» бағдарламасы аясында 3,5 млрд. теңге қарастырылып, алдағы төрт жылда жеке қосалқы шаруашылықтарға несие беру арқылы 7 мыңға жуық сүтті сиыр сатып алу жоспарлануда. Осының нәтижесінде ауылдық округтердегі кооперативтер жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт жинап, оны өткізу арқылы кәсіпорындар жұмысын жандандыратын болады.

Жиын соңында кәсіпорын басшылары аталған жобаға қолдау білдіре отырып, өз ұсыныстар жобаға енгізді және оны жүзеге асыруға атсалысатындарын да жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.