Бүгін Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр-Ғазал» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
Жұлдыз Асқарқызы 1987 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Өлеңдері халықаралық және республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Х Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты. Республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. 2017 жылы өткен Астана рухани жастарының «Еңселі елім, байтағым» байқауының «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жас толқын», «Алтын тұғыр» және облыстық «Тараздың жас таланттары», «Алтын бесік», «Жақсы жыр іздеп шөлдеймін…», «Өрімтал» атты ұжымдық жинақтарға енген.
Аталған шараға Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері, ақын жазушылар, жас ақындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
— Жұлдыздың өлеңдері техникамен емес жүрекпен жазылған. Өлеңдерінде поэзияны өте қатты сүйетіні, әсершіл екені көрініп тұр. Жұлдыздың ақын болатынына сенімді едім. Өлеңдері ақын болатын адамның өлеңдері еді. Ақын болу үшін көп жазудың керегі жоқ. Бір шумақ өлеңнің өзі адамның ақын екенін көрсетеді. Жұлдыз қызымыздың табиғаты бөлек, образы теңеулері өте керемет, — дейді Жамбыл облысының құрметті азаматы, жазушы Елен Әлімжан.
Ақын өзінің тұңғыш кітабын Абайдың 100 өлеңін жатқа айтып, әдебиетті жанындай сүйген, 28 жасында құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан сіңілісі Іңкәр Асқарқызына арнапты:
— Бұл кітапты сіңіліме ескерткіш болсын деп «Іңкәр-Ғазал» деп атадым. Іңкәр кішкентай ғана ғұмырында өлең болып кете берді. Туынды шілде айында Нұр-Сұлтан қаласы, «Қаламгер» баспасынан шыққан. Тараз қаласына келгеніме 2 ай болды. Қуанышымды туған жеріммен бөлісейін деп келдім, — дейді Жұлдыз Бейсек.
Салтанатты шарада жас ақының шығармашылығы жайлы зиялы қауым өкілдерінің жылы лебіздері мен ақынның сөзіне жазылған әндері орындалды. Сондай ақ, Жұлдыз Бейсек өз шығармасынан өлеңдер оқыды.
Кітаптың алғы сөзін ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова жазған. Туындыда ақын табиғаттың тылсым ғажайыптарын, туған жердің тамаша көріністерін, ауылдың бүгінгі кескін-келбеті мен махаббат лирикасын өлеңмен тамаша өрнектеген.