Жамбыл ауданында 300 гектарға рапс, 4600 гектарға күздік бидай орналастырылуда, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы мен аудандық фермерлер одағының төрағасы Аманәлы Құрбанов егістік алқабындағы қозғалысты көзбен көріп қайтуды мақсат етіп, жолға шықты. Жолда Ерлан Қыдыралыұлы Тастөбе ауылында егістікке қазірден соқа салып, келер жылдан үміт күткен Нуридтин Бегманов басшылық ететін «Қызыл-дихан» өндірістік коперативінің іскерлігін мақтанышпен айтты.
– Жерге төгілген тер ертелі-кеш өнімін беретіні сөзсіз. Жылдың қай мезгілін алып қарасақта, «Қызыл-дихан» ӨК-нің ұжымы қызу жұмыстың бел ортасында жүреді. Ілгеріден абырой арнасынан жаңылмай, көш басынан түспеген коператив әлі де табыстың тайқазанын тасытып отыр емес пе?! Оның үстіне жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан «Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің негізі» тақырыбындағы семинар-кеңесте рапс майлы дақылдарын орналастыру қажеттігіне баса назар аударылса, аудандар арасында алғаш болып, 100 гектарға егілу қажет межені біз 300 гектарға, ал күздік бидайды 4600 гектарға орналастырдық, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
– Дұрыс айтасыз. Шаруаны жетік меңгерген мамандардың арқасында өнімді ойдағыдан асырып, қойманы толтырып жүрген коперативтің болашағы алда екеніне сенемін. Бүгін дала кемелері Жамбыл ауылындағы «Естай» шаруа қожалығының 5 гектар жүгері алқабына түсіп, гектарына 4 тоннадан өнім жинады. Бұл көрсеткіш шаруа адамдарының еңбекке білек сыбана кіріскендігінің арқасында деп білем, – деді Аманалы Омарұлы басшының сөзін жалғап.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, жер-анадан үміт күткен шаруа адамдары қазірден әзірленіп жатыр.
— Шығыс Қазақстан облысынан рапс тұқымын 100 гектарға және 600 гектарға күздік бидайды орналастырудамыз. Рапс дақылының технологиясын өзім зерттеп шықтым. Майлы әрі азықтық дақылдарға жататын бір жылдық шөптесін өсімдік болғандықтан, сұраныс алдағы уаққытта екі есеге артатынына шүбә келтірмеймін. Бұдан бөлек 300 гектар егістік жерді келер жылға дайындап, соқа тартып, мала салып жатырмыз», – деген.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары «Тимофеев» шаруа қожалығына барып, 18 гектарға рапс тұқымын егіп жатқан шаруалармен емен-жарқын әңгімелесіп, суыққа төзімді өсімдікті судан тарылтпау қажеттігін алға тартты.