Сортөбе ауылында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Аухатты ауылдарының қариялары қатысты.
Ералы Тоғжанов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қордайлықтармен бірге өзекті мәселелерді, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын талқылады.
Ақсақалдар ел Президенті мен Үкіметке қамқорлық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Олар аз ғана уақытта ауданда ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер орын алғанын атап өтті.
— Биыл көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді. Ауылдар газбен, сумен, интернетпен қамтамасыз етілуде.Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынуда. Тұрғындар бейбітшілік пен келісім болмаса, мұның бәріне қол жеткізу мүмкін еместігін жақсы түсінеді. Аға буын өз тарапынан ұлтаралық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, жастарды халықтық дәстүрлер мен сыйластық негізінде тәрбиелеудеміз, — деді аудандық «Қоғамдық келісім» қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.
Масанчи ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаровтың да ойы осыған ортақтасты.
— Біздің ауыл адам танымастай өзгерді. Барлық мәселелер шешілді. Енді біз тек өзара достық пен келісімде, бейбітшілік пен түсіністікте өмір сүруіміз керек, — деді ол.
Ералы Тоғжанов тұрақтылықты сақтауға әр адам атсалысу керектігінатап өтті.
— Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ҚХА елімізде тұратын көптеген этностар арасындағы бейбіт және үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға көмектесті. Осы бірегей модельсіз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес еді. Өскелең ұрпаққа осы құндылықтарды сақтау және жеткізу – әрбір адамның міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданын дамытуға биыл 35 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін, өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында жасалуда. Біздің арман-тілегіміз ортақ, бәріміз бейбітшілікте өмір сүруді қалаймыз, -деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, кездесуде ел Президентінің тапсырмасы бойынша ауданда жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының нәтижелерін сараланды. Бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды мазалайтын проблемалық мәселелер анықталып, шешімін тапты. Жұмыс топтары мыңнан астам кездесу өткізіп, онда 30 мыңға жуық тұрғын қамтылған.
Сондай-ақ, вице-премьер Масанчи ауылындағы ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтірілген бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді аралап көрді. Ауылдықтар мемлекет басшылығына көрсетілген қолдаулар үшін ризашылығын жеткізді. Мұнда Е.Тоғжанов «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қолдауымен салынған спорт алаңында болды.
Қаракемер ауылында делегация кезекте тұрғандар үшін салынған жаңа жеке үйлермен танысты.