Жамбыл ауданында 300 аула көгілдір отынмен қамтамасыз етілді

0 14

Жамбыл ауданы Қаракемер ауылы тұрғындарының арманы, талап-тілегі орындалды. Ауылдағы 300 аулаға түгелдей газ кірді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

8 жыл бойы түрлі деңгейде көтерілген көгілдір отын мәселесі осы жылы шешімін тауып, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты. Мемлекет тарапынан, республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінді.

«Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 182 млн 270 мың теңгеге 13 км 149 метр шақырымды құрайтын жерасты құбырларын, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Мамыр айында басталған жұмыс күні кеше мәресіне жетті. Құрылыс жұмыстары аяқталып, ауылда газ қосылды.

Дәл қазір «Жамбыл-Жылу» ЖСШ-і жерасты тартылған газ құбырына көшелер бойында орналасқан аулаларды қосып, үй ішіне газ тартып жатыр. Құны – 100 мың теңге. Басқа өңірлерде 300 мыңнан кем емес екен. Бұл жайында серіктестік директоры Дастан Рсалиев айтты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік каракемерліктердің қуанышына ортақ болып, жылы лебіздерін жеткізді.

Ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков көпшілікке ақ батасын берді. Аудан басшыларына, ауылға газ кіруіне атсалысқан, ықпал еткен, қолдау білдірген азаматтарға, айлар бойы аянбай еңбек еткен құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Қаракемерліктердің қуанышының куәсі болған алтын құрсақты батыр ана, ақжаулықты әже, алтын алқа иегері Алшакүл Қалыбаева апамыздың қуанышында шек жоқ. Бәріне рахмет айтып, ізгі тілегін арнады.

– Шырағым! Мен 86 жастамын. 10 баланың анасымын. Қаракемерге келін болып түскеніме 70 жыл болыпты. Содан бері ауылдамын. Еш жаққа кеткенім жоқ. Ауылымыз Құдайға шүкір дамып келеді. Міне, бүгін ауылға газ келді. Бұл да болса біз үшін үлкен қуаныш. Бәріне рахмет айтқым келеді. Мемлекетке, облыс, аудан басшыларына, ауыл әкіміне, жергілікті әкімшілік қызметкерлеріне, Nur Otan-ға да рахмет! Өркендері өссін. Ел үшін қызмет етіп жүре берсін. Еліміз дамысын, отыз елдің қатарына кіреміз деп жүрміз ғой. Соның қатарына кірейік, болашақта соларға үлгі болатын ел болайық, – дейді әжей ағынан жарылып.

Leave A Reply

Your email address will not be published.