Бүгін Тараз қаласында “Biz birgemiz” монументі ашылды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Композицияның ортасындағы жер шарын қол ұстасқан дәрігерлер мен әскерилер, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен еріктілер сынды түрлі сала өкілдері қоршап тұр. Бұл қиын жағдайда әрдайым бірінші болып көмекке келіп, өзгені құтқару үшін өз өмірін құрбандыққа тіккен кәсіп иелеріне деген құрмет белгісі.
Стелланың биіктігі 30 метрді құрайды. Оның ұшар басында шаңырақ орналасқан. Оны қоршай қарлығаш бейнеленген. Қарлығаш — қасиетті құс. Қазақ халқы бұл құсты жақсылықтың белгісі деп білген.
Монументтің екі жағында орналасқан шағын құрылымдар ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген.
Монументтің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев, дәрігерлер, полиция қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, еріктілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
— Қиналғанға көмек беру біздің ұлтымыздан, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бүгін соны жерлестеріміз тағы да дәлелдеп отыр. Науқастарға қол ұшын созған, ең қиын жұмыс жасаған әрине дәрігерлер. Бұдан кейін аз қамтылған отбасыларға көмектескен еріктілеріміз бар. Сондай-ақ, тәртіпті қадағалап, күндіз түні блокпостта тұрып қауіпсіздікті қамтамасыз еткен полиция қызметкерлері бар. Сол үшін мекмлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қиын кезде қол ұшын созған азаматтарға әр өңірде монумент орнатуды тапсырған болатын. Бұл композицияны салудың негізгі мақсаты — ынтымағымызды, достығымызды, татулығымызды насихаттап, жас ұрпаққа көрсету. Осыны көріп ізбасарларымыз елін, жерін сүйіп өседі деп ойлаймын, — дейді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Расымен пандемия кезінде көмек көрсеткен кәсіпкерлеріміз, демеуші азаматтарымыз аз болмады. Соның ішінде дәрігерлер халықтың амандығы үшін аянбай отқа да, суға да түсті.
— Биылғы жыл әлем халқына қиын жыл болды. Пандемиямен күресу үшін барлық сала жұмылдырылды. Күн, түн демей біздің әріптестеріміз әрбір науқастың өмірі үшін күресті. Бүгінігі монумент біздің әріптестерімізді жігерлендіреді. Біз ынтымақ пен бірліктің арқасында барлық індетті жеңеміз! — дейді Жамбыл облыстық мамандандырылған балалар санаториясының бас дәрігері Айман Қабдрахимова.