Тұңғыш Президент күні қарсаңында Тараз қаласында үй кезегінде тұрғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа 80 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Баспана халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, оның ішінде балалар үйінің түлектері, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар мен бюджеттік қызметкерлері де болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
— Баспана мәселесі — әр адам үшін маңызды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары іске асырылуда. 32 мыңға жуық тараздық тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл мыңға жуық пәтер, сондай — ақ аз қамтылған отбасылар үшін 180 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді,- деп атап өтті облыс әкімі.
Любовь Титоренко пәтерге ҰОС ардагеріне теңестірілген адам ретінде қол жеткізген. «Бүгін мен үшін ең бақытты күн, өйткені өз пәтеріме ие болдым, — деп ағынан жарылды ол.
Тараздың тағы бір тұрғыны Назира Әбдірайым жалғыз басты ана ретінде кезекте тұрған. Ал бүгін Ол үшін нағыз қуанышты күн.
— Шынымды айтсам, пәтер кілтін аламын күтпеген едім. Міне, енді менің де өз баспанам бар. Қуанышымды қалай жеткізерімді де білмей тұрмын. Бұл үшін атсалысқандардың барлығына рахмет, — деп әсерімен бөлісті Назира Әбдірайым.
Осылайша жаңа бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Айта кетейік, үй жаңа 15 шағын ауданда орналасқан. Онда бірден бірнеше тұрғын үй салынуда. Қазір облыста 65 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асуда десек, оның 50-ден астамы Таразда. Биыл 3146 пәтерлі 57 үй пайдалануға берілмек, 41-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтеруде. Жыл қорытындысымен 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.