Жамбыл облысында «Форель» балығын өсіру қолға алынады. Қазір Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Жуалы аудандарындағы 22 тау өзендеріне және 36 балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, 17 тау өзенінде форель балығын өсіруге қолайлы екендігі анықталды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Балық шаруашылығын дамытуды облысымыз өткен жылдан бастап қолға алды. Қазіргі таңда аймақта 122 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары болса, республикалық маңызы бар Балқаш көлінде 18 учаске орналасқан. Оның 83-і кәсіптен нәсіп табам деген 74 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қалған 38 балық шаруашылығы су айдыны әзірге бос.
— Қазіргі таңда 122 су айдынның 17-де ғана су деңгейі тұрақты екендігі анықталып отыр. Біз аймақтағы балық шаруашылығымен айналысатын су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етпесек, алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту оңайға соқпайды. Оның үстіне, табиғи су қоймаларында өсірілген балық аулау квотасын көтеру де қиындық туғызады, — деді Руслан Балтаев.
Сондықтан басқарма жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесін қолға алған. Бұл әдістің ерекшелігі, кәсіпкер өзіне тиесілі жер телімінен тоған салып, балық өсіреді. Жем, шабақ, аналық балық пен құрал-жабдық сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Тоғанды алып қою қаупі жоқ.
Жалпы аймақта бұл кәсіпті бастап кеткендер де жоқ емес. Атап айтсақ, Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылының маңайында жеке кәсіпкер Р.Сауранбаев өзінің жеке жер теліміне тоған салып, жылына 30 тоннаға жуық балық аулауда. Оның үстіне, тоған жағалауына демалыс орын салып, жаз айларында суға түсіп салқындауға келгендерге де қызмет көрсетуде.
Былтыр Жамбыл ауданында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балық өсірушілермен өткізген жиыннан соң, өңірімізде тауарлы балық өсіруге қызығушылық танытқандардың саны артқаны белгілі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңіріміздегі өзендердің жағасынан балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы жерлерді анықтау мақсатында арнайы топ та құрылған. Жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары арқылы өткен Шу өзенінің арнасын және Жамбыл мен Байзақ аудандары арқылы өткен Талас өзенінің арнасынан тоған жасауға жарамды 24 жер телімін анықтаған. Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарындағы Шу өзенінің бойында барлығы 119 гектарды құрайтын 13 учаске анықталып отыр.
Мамандардың айтуынша, осы учаскелерде балық өсіру тоғаны жасалса 238 тонна тауарлы балық өсіруге мүмкін болмақ. Ал, Жамбыл және Байзақ аудандарындағы Талас өзенінің бойынан 16,6 гектар аумақты құрайтын 11 учаске алынып, ол жерде 24,8 тоннаны құрайтын тауарлы балық өсіруге болатындығы айтылуда.