Бүгін Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Халықты жұмыспен қамту орталығы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Еңбек жәрмеңкесін» ұйымдастырды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Мемлекетімізде жұмыссыздықты жою, жұмыссыз жүрген азаматтардың санын азайту, оларды жұмыспен қамту мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Түрлі әлеуметтік бағыттарды қамтитын бұл бағдарлама қараша халыққа көп септігін тигізуде.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі, Өрнек, Полатқосшы, ауылдық округі, аудандық орталық аурухана, «Жастар ресурстық орталығы», Шайқорық, Еңбек, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, М.Төлебаев атындағы өнер мектебі, «Айдана» бөбекжайының өкілдері жұмыс іздеп келген тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкеде еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес арнайы оқу орнын бітірген жас мамандарға, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарға мерзімді, ауылдық округтердегі ақылы қоғамдық жұмыстарға, тұрақты жұмыс орындарына жолдама берілді.
Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразовтың мәліметіне сүйенсек, сол күні жалпы саны 87 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 27 азамат тұрақты жұмыс орнына, 10 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен, 45 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 2 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.