Аймақтағы «Jambyl Et MS» ЖШС асыл тұқымды мал басын көбейту үшін ирландияның сиырларын әкеліп, жерсіндіруді қолға алды. Осыдан төрт-бес ай бұрын аталған мемлекеттен өңірімізге 1000 бас мүйізді ірі қара жеткізілген болатын. Олар бүгінде Мойынқұм өңіріндегі «Бескепе» орман шаруашылығының қорындағы қыстауда бағылуда, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Серіктестік директорының орынбасары Бақыт Искалиев айтуынша, құнажындар бүгінде Мойынқұм өңіріндегі «Бескепе» орман шаруашылығының қорындағы қыстауда бағылуда.
— Құнажындарды әкелмес бұрын Жалпақтөбе ауылындағы және Мойынқұм өңіріндегі мал жайылымынан қора-жайларымызды дайындап алдық. Құнажындар Ирландия жерінде бір ай және осында екі-үш ай ветеринариялық бақылауда болып, карантиннен өтті. Біздің негізгі мақсатымыз – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Сонымен бірге егін шаруашылығымен де айналысу. Бүгінде иелігімізде 14800 гектар жайылымдық жеріміз болса, оның 5600 гектары «Бескепе» орман шаруашылығының қорындағы жер телімінде орналасқан, — дейді ол.
Мүйізді ірі қараларды 500 бастан бөліп, екі қора-жайға орналастырыпты.
— Шет мемлекеттен келген мал біздің жерге жерсініп келеді. Бүгінде бәрі де қоңды. Мал азығына деп 666 тонна шөп, 110 тонна жем дайындалған. Малшылардың астында мініс аттары бар. Олардың орташа еңбек жала¬қысы 120-150 мың теңгені құрайды. Серіктестікті құрғанымызға бір жыл толғанына қарамастан біз болашақта ет және сүт бағытындада жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Мал басын олардың төлі есебінен көбейтпекпіз, — дейді ол.
Серіктестікте біраз жұмыс механикаландырылған. Шаруашылыққа қажетті «МТЗ-952» тракторын, дезинфекциялық жұмыстарға арнайы жабдықталған «УАЗ» автокөлігін, екі дана «ПТС-6» маркалы жүк тиегіш пен қи шығаратын тіркемелерді сатып алыпты. Шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.