Жамбыл облысындағы Меркі тауларын «Қызыл кітапқа» енген қар барысы мен үнді жайрасы сияқты аң-құстар мекен етуде. Қору және күзету жұмыстарының нәтижесінде арқарлардың да саны өскен, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Аймақта осыдан екі жыл ғана бұрын «Меркі» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Бүгінде оған қарасты орман қоры жерлері мен Қырғыз Алатауы аумағында қорғау және күзету жұмыстары өз нәтижесін көрсете бастады. Өңірімізде бұры-соңды болмаған, «Қызыл кітапқа» енгізілген арқар, үнді жайрасы, түркістан сілеусіні, ақбас бүркіт секілді бірқатар аң-құстар пайда болып, саны өсуде.
Мұнда қору, күзету жұмыстарының барысында алғаш рет 1 қар барысы мен 23 арқар құлжасының БҰҰ бағдарламасы аясында арнайы орнатылған фототұзаққа түсіп қалғаны белгілі болды.
Осыған байланысты Алматы қаласындағы зоология институтынан арнайы мамандар келіп, фототұзақ түсірілімдері бойынша зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүзеге асырған. Нәтижесінде қаумал аумағындағы тау қойнауларын 4 бірдей қар барысы мекендейтініне, сондай-ақ, үнді жайрасы да бар екендігіне көз жеткізілді. Аталмыш институт мамандарының күшімен Меркідегі бір ғана тау шатқалының өзінен 40 бас арқар мен 150 бастан астам тау ешкісінің үйірі суретке түсірілді.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан алынған мәліметке қарағанда, бүгінде қаумал аумағындағы арқарлар 140, үнді жайрасы 8, қар барысы 8 басқа жетіп отыр.
Былтырғы жылдан бастап облыс әкімінің бастамасымен Меркі ауданының таулы аймағында мемлекеттік өңірлік табиғи саябақ құру ісі қолға алынғаны баршаға мәлім. Бүгінде аталмыш жобаның жаратылыстану-ғылыми негіздемесі толықтай жасалып бітті. Енді табиғи саябақтың шекара-шегі белгіленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі аясындағы жұмыстар жүзеге асырылу үстінде.