Жамбыл облысындағы Қызылқайнар ауылына 70 жылдан кейін ауыз су жүйесі тартылды

0 14

Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауанына қарасты Қызылқайнар ауылы 70 жылдан кейін су жүйесіне қосылды. Осы уақыт аралығында елдімекен тұрғындары тау бөктерінен аққан тіршілік нәрін тұтынып келген болатын. Сапалы ауыз суға қол жеткізген тұрғындардың қуанышында шек жоқ, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Жамбыл ауданында 42 елдімекен болса, оның 29-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Енді олардың қатары тағы артты.

Бүгін 3000 мың тұрғыны бар Қызылқайнар ауылы ауыз суға қосылып, тұрғындардың қуанышы еселенді. Жоба- мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында 740 млн 760 мың теңге бөлініп, 950 аулаға су жүйесі тартылды.

Қызылқайнарлықтар осы күнге дейін Кеңес тұсында тартылған ауыз суды пайдаланып келген болатын. Тау бөктерінен келетін судың құрамы соңғы кезде өзгеріп, сапасы да төмендей бастаған.

– Туып өскен мекенін кім жаман десін. Ауылымыздағы су құбырларының тозығы жеткен болатын. Оның үстіне су қорыда жыл сайын төмендеп келеді. Ал, жаңа су мұнарасы біздің көптен күткен тілеуіміз еді. Араға 70 жыл салып, ауылішілік көшеге құбырлар тартылып, әр аулаға су тетіктері орналастырылды. Осы орайда ауылдағылардың тұрмысын жақсартуға үлес қосып жүрген барша басшыларға алғысымды білдіремін, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Кенжетай Құрманқұлов.

Аудан басшыларының сөзіне сүйенсек, өңірде ауыз су мәселесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Ағымдағы жылы Шоқай ауылының ауыз су құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.