Жамбыл облысында су электр станцияларының құрылысы басталды

0 9

Жуалы ауданындағы Көксай мен Ақсай каналдары бойынан жалпы қуаттылығы 36 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы басталды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиевтің айтуынша, қазіргі таңда ауданда екі инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы басталған. Жоба құны 5200,0 миллион теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Ал «Ақсай» каналының бойынан да дәл осындай қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның да іске қосылу мерзімі 2022 жыл.

Жалпы Жуалы ауданында жасыл экономика аясында 2015-2018 жылдары екі өндірістік жоба іске қосылса, 2021-2023 жылдары тағы жаңа екі жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында, бұған дейін ауданда қуаттылығы 50 МВт-ты құрайтын «Burnoe Solar-1» күн электр станциясының құрылысының жобасы картаға енді.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында Нұрлыкент ауылдық округінен 150 гектар жер телімі бөлініп берілді. Керекті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер Германия мемлекетінен алынды. Аталған жоба толықтай қуаттылығында 2015 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеп келеді. Жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрады. Бұл кәсіпорын 2019 жылы 2 890,1 миллион теңгегенің 81 911,3 мың кВт (МВт сағат) электр энергиясын өндірсе, 2020 жылы 3 089,4 миллион теңгегенің 80 069,0 мың кВт (МВт-сағат) электр энергиясын өндірген.

2018 жылдың шілде айында қуаттылығы 50 МгВ-ты құрайтын «Burnoe Solar-2» күн электр станциясының құрылысы жобасы іске қосылған еді. Ол үшін Нұрлыкент ауылдық округінен қосымша тағы да 151,8 гектар жер телімі берілді. Жобаның жалпы құны 70 миллион АҚШ долларын құрады. Аталған жоба да қазіргі уақытта толықтай қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруде. Бұл кәсіпорын 2019 жылы 2 847,6 миллион теңгегенің 79 796,7 мың кВт электр энергиясын өндірсе, 2020 жылы 2 904,5 миллион теңгегенің 77 080,0 мың кВт (МВт-сағат) электр энергиясын өндірген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.