Шекарашылар достық қарым-қатынасты нығайтуы қажет — Сәкен Арубаев

0 8

Жамбыл ауданыда аудан әкімдігі жанындағы шекара мәсәлелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Аудан әкімі, үйлестіру кеңесінің төрағасы Сәкен Арубаев төрағалық еткен кеңесте «Бесағаш» шекара заставасының өткен жылы атқарған жұмыстары, көршілес Қырғыз Республикасының шекара аумағында орын алған оқиғалар және Бесағаш ауылдық округінде шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы сөз болды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы Жамбыл, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарындағы Қырғыз Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетеді. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің аудандағы өкілі, үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Әлішер Жүнісәлиев өзінің баяндамасында тілге тиек етті.

Хабарламашының айтуынша, ағымдағы жылы «Бесағаш» шекара бөлімшесінің сызығында 500 темекі қорабын заңсыз өткізу дерегіне жол берілмеген. Қаңтар айында «Жасөркен» шекара бөлімшесінің аумағында «Амиртаев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасап жүрген 4 Қырғыз Республикасының азаматтары ұсталған. «Айша бибі» шекара бақылау-өткізу бөлімшесінде 2021 жылдың 1 тоқсанында тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 37 дерегіне сала қызметкерлер жедел әрекет еткен. Сонымен қатар, шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жергілікті полиция қызметкерлерінің шекара кеңістігіндегі құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ұдай жүргізілетін профилактикалық жұмыстарына қарамастан тұрғындардың шекара режимін 25 рет бұзғаны анықталса, құрғақ шөптің өртенген 4 дерегі хаттамаға еңгізілген. Ал өткен жылы «Бесағаш» шекара бөлімшесі аумағында ел шекарасынан қасақана өтпекші болған 7 азамат, режимге қайшылық тудырған 12 азамат, шекара талаптарын орындамаған 10 азамат қолға түссе, заңсыз медициналық бұйымдарды өткізудің 2 дерегіне сала қызметкерлері дер кезінде құрық салған.

Сонымен қатар жасөспірімдерді патриоттық, отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Бесағаш ауылындағы Абай орта мектебінде «Жас шекарашы» үйірмесі ашылып, үйірмеге 27 оқушы біліктілігін жетілдіруде.

Үйлестіру кеңесін қорытындылаған Сәкен Қаланұлы түйткілді түйіндерді тарқату, ортақ мәмілеге келу үшін бауырлас азаматтармен достық қарым-қатынасты нығайту, профилактикалық іс-шаралар жоспарына өзгерістер еңгізу, атүсті дайындалған баяндаманы нақты көрсеткіштермен толықтыру, байламын таппай жүрген олқылықтарды жік-жігімен көрсету қажеттігін алға тартты.

Кеңес отырысына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы және жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысып отырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.