Ауыл мектептері оқушылары арасында өтетін «Мың бала» ұлттық Олимпиадасына қатысуға өтінім қабылдау басталды. 24 ақпанда басталған тіркеу 24 наурызға дейін жалғаспақ. Олимпиадаға еліміздің ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5-6 сынып оқушылары қатысады. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова, облыстық «Жамбыл дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Есеналиев және Жамбыл ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп лицейі директорының орынбасары Гүлнар Кушенова қатысқан ӨКҚ алаңында өткен брифинте айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
— «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауды қамтиды. Тестілеу онлайн форматта өтеді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5000 оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілінде білім алатын оқушылар қазақ тілі, орыс тілінде білім алатын оқушылар орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімді бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылады», — деді Ж. Бекбатырова.
Озат оқушылар олимпиадасына 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тіркелуге болады. Жеңімпаздар еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: «Білім-Инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебiнде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың бес мың финалисі Елбасы Академиясының «Вirge oqý» онлайн-мектебінде бiлiмiн жалғастыруға мүмкіндік алады.
Былтыр бұл білім додасына біздің облыстан 28 507 оқушы қатысып, екінші кезеңге 335 бала жолдама алған. Оның 91-і жеңімпаз атанып, үздік 1000 баланың қатарынан көрінді. Олар дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуын сәтті жалғастыруда. Жеңімпаздардың 33-і 5-сыныпты, ал 58-і 6-сыныпты тәмамдаған.
Айта кету керек, олимпиада 2019 жылдан бастап Тұңғыш Президент – Елбасының Еl Úmiti — талантты жастарды анықтау және қолдау бастамасы аясында өткізіледі. Олимпиаданы Елбасы Академиясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастырады.