Бүгін Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттардан өтінім қабылдауды тоқтатады

0 48

Бүгін Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттардан өтінім қабылдауды тоқтатады. 18 наурыздан басталған бұл жұмыстар кешке аяқталады. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ернұр Нұржігітов айтты. Брифингте палатаның қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Мая Ажмағамбетова да болып, осы тақырыпта ақпаратымен бөлісті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

15 күнге жалғасқан тіркеуде өтінім бергендер 6-10 сәуір аралығында үгіт-насихат науқаны жүргізбек. Ал 12-16 сәуір аралығында онлайн дауыс беру өтеді.

«Жамбыл облысы ӨКП Өңірлік кеңес мүшелері өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдап, өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттарды сайлау өткізуді ұсынды. Белсенді азаматтық ұстанымы бар, өңір дамуына жанашырлықпен қарап, аудан, қала, облыста бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуда идеяларын ортаға салуға дайын барша кәсіпкерлерді Өңірлік кеңес мүшелігіне кандидат болып, бәсекелестік сайлауға қатысуға шақырамыз. Мүшелікке кандидат ретінде өңірде тіркелген кәсіпкерлер, ӨКП-да аккредиттелген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың атқарушы органдарының және қауымдастықтардың басшылары және мүшелері арасынан іріктеледі», — деді, Е.Нұржігітов.

Өңірлік кеңесіне мүшелерді таңдау аймақта алғаш рет өтеді. Сайлау өткізу Өңірлік кеңес жұмысына оң әсер етіп, жаңа буынға, бизнес дамуына мүдделі, белсенді, табысты, өңірде беделді адамдарды тартуға мүмкіндік береді.

Сайлауға қатысуға құжаттарды палатаға немесе онлайн форматта https://vote.atameken.kz/ жолдауға болады.

Өңірлік кеңес экономиканың кәсіпкерлік секторын шоғырландыру, өсіру және дамыту мақсатында 2013 жылы құрылған болатын.
Негізгі міндеттері — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында қалада жұмыс істейтін жеке кәсіпорындар мен олардың бірлестіктерін біріктіру; жергілікті басқару органдарының және бизнес-қауымдастықтардың келісілген инвестициялық саясатына көмектесу. Әкімшілік кедергілерді азайтудан бастап мүмкіндікті ескере отырып, қаржы мәселелерін шешеді. Бизнестің барлық саласында кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау.

Айта кетейік, Өңірлік Кеңеспен осы уақытқа дейін 300-ден астам бизнестің проблемалары шешілді. «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы бекіткен квотаға сәйкес, Жамбыл облысының Өңірлік Кеңесіне 28 адам таңдалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.