Жамбыл облысында бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер саны көбейеді

0 9

Жамбыл облысында 1 тоқсанның қорытындысымен жалпы инфляция 101,9% құрады. Көрсеткіш еліміз бойынша 7 орынды көрсетті. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, азық-түліктер бойынша аймақтағы инфляция 103,1% құрап, республикада 5 орынды көрсеткен. Ал әлеуметтік азық-түліктер инфляциясы 104,2% елдегі меже бойынша 1 орынға шығып отыр. Қаржылық құнсыздану 1% жоғарылап кеткен. Оған қарақұмықтың 2,9%, күнбағыс майының 2,8%, картоптың 4,2%, қанттың 3,5%, жұмыртқа 4,3% бағаларының көтерілуі әсер еткен. Дегенмен, құны төмендеген тауарлар да бар. Мәселен, күріш 1,2% және сүзбе 0,1%.

Айта кету керек, ірі сауда орындарындағы өткен жылғы төмендетілген бағадан жинақталған тауарлар қоры кеміген. Биыл жинақталатын қор болса, өндірушілердің белгілеген бағасына байланысты жаңаша қалыптасқан. Сондықтан бағаның шарықтап шығуына әсер етіп отыр.

«Картоп бағасының қымбаттауына былтырғы қор үлесінің кемуі, сақтау шығындары мен Павлодар, Қырғыз, Ресейден жеткізілетін картопқа тасымал шығындарының артуы себеп. Қарақұмық бағасына былтырғы ірі сауда орындарының төмен бағадан алған қордың таусылып жаңаруына байланысты болды. Күнбағыс майының қымбаттауына былтырғы жылдың тамыз айы себеп. Өйткені, аталған айдан бері күнбағыс дәндеріне көтерілген баға әсерінен өндірушідегі өзіндік құн артты. Өндіріс орындары Алматы, Павлодар, ШҚО облыстары мен Ресейлік импорттың үлесі. Тауық жұмыртқасына Солтүстік өңірлер мен Алматы облысы әсер етті. Өйткені, ондағы негізгі өндірушілерде құс тұмауы салдарынан өндіріс төмендеді. Жергілікті өндірушілерге қажетті жем мен импорттық дәрі-дәрімектер қымбаттап, бағаның көтерілуіне де әсер берді», — деп атап өтті Қ. Аманов.

Қазір аймақта жаңадан соғылып жатқан әлеуметтік дүкендер баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлесін қосуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Тараз қаласында 16 әлеуметтік дүкенді ашу жоспарланған. Бүгінде оның 13-і іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Барлық аудан орталықтарынан осындай 10 әлеуметтік дүкендер ашылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.