Жамбыл ауданында күнэлектр станциясының құрылысы жүргізілмек

0 0

Биыл Жамбыл ауданында 20 млрд теңгеге күн электр станциясының құрылысы қолға алынбақ. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Брифингте ауданның бірінші басшысы жүзеге асырылатын жобалар жайына тоқталып өтті. Айтуынша, ауданда «Родина» серіктестігімен қаржылық құны 20 млрд. теңге болатын күн электр станциясының құрылысы басталмақ. Ал 15 млрд.теңгеге «Тараз» ӘКК және «Далаагро» серіктестігінің бірлескен жобасы — жылыжай кешені салынады. Қаржысы ауқымды саналатын үшінші жоба ретінде «АсаАгро» компаниясының тауық еті бағытындағы құс фабрикасы тұр. Оның жалпы құны 8 млрд.теңгені құрайды.

«Жалпы биыл жамбылдықтар үшін құс шаруашылығына қанат біткелі тұр. Өйткені тағы бір серіктестік «Алель Агро» да 2,5 млрд.теңгенің көлеміндегі құс фабрикасының құрылысын бастамақ. Дәл осындай бағада «Денвер-Т» серіктестігі жылыжай салу үстінде. «КазФос» серіктестігі болса 2 млрд.теңге жұмсау арқылы натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейтуге көшпек. «Жамбыл Ет MS» серіктестігімен қаржылық құны 1,5 млрд. теңге болатын мал бордақылау алаңының құрылысы басталады. Дәл осындай бағада «Көкжиек 2030» серіктестігі сүт фермасының құрылысын қолға алады. Ауданда ауылшаруашылығы мен агро салаға қатысты сүт бағытына көп көңіл бөлінген. Мұнда тағы «Good Look» серіктестігі түрлі өнім өнідерітен тауарлы сүт фермасының құрылысын 1,1 млрд.теңгеге бастады» — деді С.Арубаев өз сөзінде.

Жамбыл ауданында мал басының өсу динамикасы да байқалады. Ауданда ірі қара 5,1 мың басқа артып, 53 мыңды құраған. Қой-ешкі 24,3 мың басқа барып, 297,1 мыңға жеткен. Түлік төресі жылқы 2,4 мың басқа көбейіп, 21,1 мыңға жеткен. Үй құстары 74,8 мың басқа көбейіп, жалпы саны 438,2 мыңға артқан. Ауданда 2,6 мың тонна ет өндіріліп, 688,9 тоннаға артса, сүт өндіру 8,5 мың тоннаға жетіп отыр. Өндірілген жұмыртқа 21 280 мың данаға артып, 19,6 млн. құрады.Қазір 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы, 13 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде.

«Өнеркәсіп өнімдері 2,4%-ға артығымен орындалып, 7,4 млрд.теңгені құраған. Салынған инвестиция 2,3 млрд. теңгеге өсім көрсетті. Ал, ауылшаруашылығында өндірілген өнім көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, 799 млн. теңгеге өсті. Бұл қаражаттың егіншілік бағытына 0,3 млрд. теңге, ал мал шаруашылығына 4 млрд. теңгесі тиесілі. Ғарыштық түсірілім арқылы ауданда игерусіз жатқан 2 814,11 га жер арнайы қорына алынған» — деді спикер.

Аудан бойынша 11 мыңнан аса тұрғын жер кезекте тұр. Оларды жер телімімен қамту мақсатында, биыл 7 елді мекен таңдалған. Ол жерлерде жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін жүргізу, сумен және газбен жабдықтау үшін жалпы құны 2,2 млрд теңге қаралып отыр. Аталған жұмыстардың аяқталған жағдайда аудандағы 1 882 отбасыға жер берілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.