Тұрар Рысқұлов ауданы тұрғындары тіршілік нәрінен тарықпайды. Газбен де қамтылып, инфрақұрылым игілігін көреді. Бүгін ӨКҚ алаңында осылай деген аудан басшысы Ерболат Садырқұлов биыл 10 ауыл газданып, 3 ауылға су толық тартылатынын айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Аудан басшысының айтуынша, онда 42 елді мекен бар. Оның былтыр 26-да орталықтандырылған ауыз су жүйесі болған. Ал ауыз су жүйесі жоқ 16 елді мекеннің 4-уіне яғни Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ өткен жылы жаңа ауыз су жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сонда қазір ауданда 30 елді мекен су ішіп отыр.
— Ауыз су жүйесі ескірген 9 елді мекеннің 3-уіне, яғни Құмарық, Қаракемер, Алғабасқа былтыр жаңадан ауыз су жүйесінің құрылысы басталды. Жоба 2021 жылға өтпелі, яғни биыл пайдалануға береміз. Ал аудандағы 42 елді мекеннің 24-не толық газ тартылған. Биыл газ кірмеген 18 ауылдың 10-на газ тарту жұмыстары жүргізілетін болады. 1 ауылдың (Шолақ-Қайыңды) жобасы мемлекеттік сараптамада. Осы жұмыстардың нәтижесінде газдандыру мәселесі аудан көлемінде 100 пайызға шешіледі, — деді Е.Садырқұлов.
Спикер қалған 7 елді мекеннің де мәселесін айтып өтті. Атап айтқанда Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылдары, Құмарық разъезді, Қорағаты станциясы халық санының тиісті нормадан аз (50 адамнан төмен) болуына байланысты экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылғанынын тілге тиек етті.
Әкім жыл басталғалы 5 айда аудан экономикасының өсімі 101,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға өскенін айтты. Жыл соңына дейін бұл өсімді 104 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Аудан бюджеті кірісінің жылдық жоспары 18.6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 5 айдың жоспары жоспары 6,4 млрд. теңге болса, нақты 6,9 млрд теңгені құрап, 500 млн. теңгеге артығымен орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 4,9 млрд.теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 200 млн. теңгеге артты (2020 жылы 4,7 млрд.теңге).
Жалпы ауданда 146,6 мың гектар егістік жер толық игерілді. Оның ішінде басым бөлігіне, яғни 61,3 мың гектарына күздік бидай, 58,7 мың гектарына жаздық арпа себілді. Ауданның жалпы жер көлемі 908 691 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің үлесі 740 676 гектар.
Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 1145 адам тіркелген. Осы тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабынан 80 пәтерлік 5 қабатты 2 үйдің құрылысы жүруде. Бірінші үйдің құрылыс жұмыстары былтыр басталған, биыл пайдалануға беріледі. Екінші үйдің құрылысы биыл басталды. Қалған екі көпқабатты үйдің құрылысы жобамен 2023-2024 жылдары берілмек.