Таразда Ұлттық домбыра күні аталып өтті

0 5

Тараздағы ҚР Тұңғыш Президент саябағында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жиналғандарды құттықтады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Шілде айының бірінші жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. Бұл мереке – қаиетті қос ішекті ұлттық аспабымыздың халық өміріндегі маңызын айшықтай түседі. Домбыра қазақпен ежелден түрлі кезеңдерді бірге өткеріп келеді. Біздің ата-бабаларымыз оны қадір тұтқан, ұлттық құндылық ретінде қараған. Домбыра – қазақ үшін тұтас бір әлем, оның болмысы, жаны, сырласы. Белгілі халық аспабының нақты көшірмесі Тараздағы Студенттер үйінің алдына үлкен көлемде ескерткіш ретінде орнатылды, — деп атап өтті облыс әкімі.


Аймақ басшысы кез-келген жерде және кез-келген жағдайда халыққа өз шығармашылығын паш етуге дайын тұратын өнер адамдарына алғысын білдірді.

Сондай-ақ, қазіргі алаңдатарлық ахуалға айрықша көңіл бөлген Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.

Облыс әкімі бірінші Республикалық «Арт-Керуен» байқауының жеңімпазы жас музыкант Дамир Руслановқа домбыра сыйлады. Дамир Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін шебер орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Сонымен қатар, сахнада белгілі композитор Аман Малдыбаев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрі және Тараз қалалық Мәдениет үйінің домбырашылары өнер көрсетті. Концертте «Көне Тараз», «Сарыарқа» «Балбырауын», «Талас», «Ерке сылқым», «Әулиеата», «Бастау», «Домбыра» күйлері орындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.