ZHAMBYLNEWS— Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне арызбен қайырылатындардың есебі бар. Осы жылдың 6 айында жеке және заңды тұлғалардан 85 арыз келіп түскен. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Төлеген Бұғыбаев айтты.
Спикердің айтуынша, түскен арыздардың ішінде басым бөлігі — медициналық қызмет сапасына және мүгедектік тағайындау мәселелері бойынша. Ал 32 арыз департамент құзыретіне кірмейтін мәселелер.
«Медициналық қызмет сапасына және мүгедектік тағайындау мәселелері бойынша түскен 53 арыз бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 33 тексеру «негізді», 2 тексеру «жартылай негізді», ал 18 тексеру «негізсіз» деп танылды, — деді Т.Бұғыбаев.
Бұдан бөлек, спикер Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінде жоспардан және есептен алынған мекемелер жоқ екенін айтты.
Ал, биылғы жылдың 1-ші жартыжылдығында Е лицензиялау электронды жүйе арқылы мемлекеттік қызмет түрлеріне түскен өтініштер саны — 2850 болған. Оның ішінде жеке тұлға – 2377, заңды тұлға – 473. Оның ішінде 2227 рұқсат қағазы берілген. Ал 623 өтініш дәлелді бас тартылған.
Айта кету керек, әрбір екінші бейсенбі күні департамент ғимаратында ашық есік күні өткізіледі. Дәлелді бас тарту бойынша келген немесе телефон арқылы шалған тұлғаларға түсіндірме жұмысы жүргізіледі.
Брифингте облыс тұрғындарына медициналық қызметтері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасына қатысты арыз-шағымдар қабылдау жолы да еске салынды. Бұл бойынша Тараз қаласы, Әйтиев көшесі 27 немесе 8(7262)45-37-69 телефонына байланысуға болады.