Шу ауданында референдумның маңыздылығы насихатталуда — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 5 мамырындағы Жарлығында Үкіметке орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы Жарлыққа сәйкес, барлық елді мекендерде референдум туралы насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саяси маңызы жоғары шарадан ел азаматтары тыс қалмауы үшін мұндай кездесулер Шу ауданының аумағында да белсенді түрде ұйымдастырылуда.
Референдум бойынша құрылған аудандық қоғамдық штаб мүшелері Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша өтетін бүкілхалықтық референдумның саяси маңызы насихатталды. Кездесу барысында штаб мүшелері қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Келесі кездесу Төле би ауылында орналасқан «Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шу аудандық аумақтық инспекциясы» қызметкерлерімен өтті. Мұнда аудандық қоғамдық штаб мүшесі Доктурхан Байботшаев жалпыхалықтық референдум не үшін өтетінін, Ата Заңдағы қай баптар, қалай өзгеретіндігін айта отырып, қатысушыларды референдумды қолдауға шақырды. Осы бағыттағы жиын, Төле би ауылында орналасқан «Қазпошта» қызметкерлерімен де ұйымдастырылды. Онда қоғамдық штаб мүшелері референдумның маңыздылығын, ел болашағы үшін тұрғындардың маңызды шарадан қалыс қалмауын айтты. Кездесу соңында қатысушылар да өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жұмысшы топ өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.
Төле би ауылында орналасқан «NAMI-INVEST QURYLYS» ЖШС қызметкерлеріне де референдум туралы толық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Ұйымдастырушылар референдумның ел болашағы, ұрпақ келешегі үшін қажеттілігіне тоқталды. Шу аудандық қоғамдық штаб мүшесі Доктурхан Байботшаев: «Дамыған елдерде референдумның өткізілуі қалыпты саяси-демократиялық үрдіс. Қазақстан да осы үрдіске біртіндеп бет бұра бастады. Осы референдум арқылы халықтың саяси мәдениетінің алғышарты қалыптасады. Саясаты заман ағымына сай қалыптасқан, «халық үніне құлақ асатын» мемлекетте өмір сүру – болашақтағы ғана арман емес, күні бүгін, алдағы жарты жылдан соң әбден жүзеге асады. Бұл – әр азаматтың қолында. Ол үшін референдумға қатысып, өз үніңізді білдіруіңіз қажет», — деді.