Жамбыл облысында қант зауыттары шаруалардан қызылша қабылдауды бастады

0 3
Биыл Жамбыл облысында 5,5 мың гектарға қызылша егілген. Бүгінде оның 148,4 гектары жиналып, 6,7 мың тонна өнім алынды. Жалпы облыс бойынша 86 шаруа қожалық қант қызылшасын отырғызған, оның 12-сі жинау науқанын бастады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазіргі таңда қант зауыттарына 253,8 тонна балтамыр өткізілген. Алқаптардан жиналған өнімнің орташа өнімділігі 337,5 центнерден айналуда.
Осы орайда, биыл Меркі ауданының шаруалары 2020 гектар алқапқа қант қызылшасын екті. Қазір дала диқандары өнімді уақытылы жинап алу үшін тынбай еңбек етуде. Сонымен қатар Меркі қант зауыты да өз жұмысына кірісіп, балтамырдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастаған.
Қант қызылшасы Жамбыл, Сарымолдаев, Ойтал, Кеңес, Т.Рысқұлов, Жаңатоған, Сұрат ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарына тиесілі.
Биыл олар балтамырдың Акация, Бритни, Виолика,Трубато, Эйдер, Мохикан, Дуняша сынды түрлерін еккен. Бүгінге дейін тәтті түбірдің 4 гектары жиналса, 107 тоннасы «Меркі қант зауыты» ЖШС-на өткізілген.
«Шаруа қожалықтарына қант қызылшасының 1 тонна түбіріне 14 000 теңге субсидия, ал қант қызылшасы зауытынан 10 000 теңге беріледі. Алайда, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты дала диқандары жинау науқанын тоқтата тұруға мәжбүр. Ауа райы қолайлы болса, қант қызылшасын жинауды жалғастырамыз», — дейді шаруа қожалықтары.
«Сыпатай батыр» ЖШС шаруа қожалығы диқандары 90 гектар алқапқа қант қызылшасы тұқымын сепкен. Ұжым осы алқаптан 600-700 центнерден өнім алуды жоспарлауда.
«Біздегі балтамырдың орташа салмағы 2 килограммды құрайды. Алқаптағы арамшөптердің көзін жою мен тәтті түбірдің өсуі үшін отандық тыңайтқыштарды қолдандық», — дейді ЖШС мамандары.
Leave A Reply

Your email address will not be published.