Тыл ардагеріне құрмет

0 195

Қосымбек Райымбеков  1936 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Амангелді ауылында туылған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол небәрі 5 жаста болатын. Сұм соғыстың салқыны олардың отбасына да тиді. Қаршадай бала таң қараңғысынан ауылдың үлкендерімен ілесіп, қырманға баратын.  Ашқұрсақ болса да, «бір дән болса да – майданға» деген ұранмен тынбай еңбек ететін. Кей кезде шаршап, үйілген бидайдың қасында ұйықтап қалатын сәттері де болды. Ал кешкісін жатар орынға бір-ақ келетін. Қария ол кездегі қиындықты айтып тауысу мүмкін еместігін айтады. Бір уыс бидайды бір отбасы талғажу ететін қиын кезеңде тіпті сол бидай болмай, аш жататын кездер де болған. Бірақ сол ауыр кезеңнің барлығын «Жеңіс» деген бір ауыз сөз ұмыттырып жіберген. «Сол сәт күні бүгінгідей көз алдымда. Бүкіл ауыл болып ұлы жеңісті тойлағанымыз есімде. Әр үй дастарханға барын салып, қазан көтеріп, әп-сәтте мәре-сәре болып еді. Тіпті айдарынан жел есіп жүретін, бүкіл ауыр қорқатын қырманшы атайдың өзінің жүзіне күлкі үйіріліп, бетіндегі әжімдерін қуаныштың көз жасы сорғалай аққан. Ауылдың бала-шағасы ағашты ат қып мініп, тымағымызды аспанға атып, бізге ауылдың иттері қосыла шауып, ауылды азан-қазан қылған едік», деген қария беторамалын көзіне апара берді…

          …Қосымбек Райымбеков Амангелді ауылының құрылуына көп еңбек сіңірді. Өткен ғасырдың 60- жылдары ауышаруашылығының дамуына үлес қосты. Бүгінде сексеннің алтауына келген Қосымбек қарияны бүкіл ауыл құрмет тұтады. Жүзінен мейірім шуағы шашылған ардагер ауылдың ақылманы. Қиын кезеңнің куәгеріне құрмет Жеңіс мерекесі қарсаңында еселене түседі. ҚАЖД  ЖД-158/4 мекемесінің бастығы Ерлан Тоқанов пен орынбасары Әлібек Алдияров Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында қарияның үйіне арнайы барып, құттықтады. «Сіздер адамзат тарихындағы ең қиын кезеңдерінің бірін бастан өткердіңіздер. Өздеріңіз секілді жандардың еліміздің өсіп-өркендеуіне, Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлестеріңіз орасан. Ол ерлік ешқашан ұмтылмайды. Сіздердің еткен ерен еңбектеріңіз бен төккен терлеріңіз ұрпаққа үлгі, Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ақыл айтар ақсақалдарымыз аман болсын» деп ізгі тілектерін жеткізген түзеу мекемесінің басшылары сыйлықтарын табыс етті.

Айта кетейік, Жамбыл облысында бүгінде небәрі 26 соғыс ардагері қалды. Оларға 9-мамыр Жеңіс мерекесіне орай 1 млн теңге әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар, 2706 тыл еңбеккерлері бар болса, оларға 50 мың теңгеден беріліп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.