Тұрар Рысқұлов ауданында ауыл тұрғындары жолды асарлатып жөндеді

0 24

Тұрар Рысқұлов ауданында ауыл тұрғындары жолды асарлатып жөндеді.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Қайыңды ауылын бірлігі жарасқан берекелі ауыл десе болады. Себебі, онда ағайынның ауызбіршілігімен талай тірліктер атқарылып жүр. Солардың бірі ауылдың кіре берісіндегі автожолдың ойылған тұстарын асарлату арқылы тұрғындардың өз күштерімен жөндеп алуы. Бұрын әр жерден ойылып жататын асфальт жолдың жөнделуі әсіресе көлік жүргізушілер үшін тиімді болды.

Жамбыл облысы бойынша кең көлемде жүргізіліп жатқан «Асар» жобасынан Қайыңды ауылының тұрғындары да қалыс қалмады. Олар асарлату арқылы былтыр ауыл маңындағы бейітті қоршап, жағдайы төмен отбасыларға үй салып берсе, биыл ауылдың негізгі көшесімен өтетін күре жолдың ой- шұңқырын жамады. Оған ерікті түрде бүкіл ауылдың үлкені мен кішісі ат салысты. Бір сөзбен айтқанда біз үшін асарлатып жұмыс істеу мереке дейді Қайыңды тұрғындары.

Ауыл жастарының бастамасын жергілікті қариялар мен ақсақалдар кеңесі да бірден қолдаған. Өйткені, мемлекетке алақан жайып отыра бермей өз күшімізбен жұмыс істеу жастарды достыққа, еңбекқорлыққа баулиді дейді олар.

Негізінде, Қайыңды ауылына кіре берістегі күре жолды мемлекет тарапынан жөндеу жұмыстары биыл басталуы тиіс болатын. Алайда, әзірленген жобалық сметалық құжаттарға өзгеріс енгізілуіне байланысты ол жұмыстар 2023 жылға шегерілді. Яғни, бүгінде тұрғындар асарлату арқылы уақытша жөндеп алған жол келер жылы толығымен асфальттанады дейді әкімдік өкілдері.

Асарлату арқылы қандай да бір жұмыстар атқарылмас бұрын ауыл әкімдігінде арнайы жиын өтіп, жергілікті халықтың ұсынысы тыңдалады. Сосын барып, осындай игілікті істер жүзеге асады. Қазақта келісіп пішкен тон келте болмас деген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.