Елордалық тұрғын үй кешендерінің бірінің балконы петарданың кесірінен отқа оранды. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желілердің хабарлауынша, жаңа жыл түнінде тұрғындар ұшырған петарданың бірі үйдің балконына қарай ұшып, сонда жарылған.
Бұл кезде пәтерде ешкім болмаған.
Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«1 қаңтар күні сағат 00:20-да 101 пультіне Нәжімеденов көшесіндегі 16-шы үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде үйдің №11 пәтерінің балконында тұрмыстық заттар жанып жатқаны анықталды. Жалын 5 шаршы метр аумаққа тарады», — деп хабарлайды Астана қалалық ТЖД.
Өрт сағат 00:42-де толық сөндірілді.
Өрттің шығуына пиротехникалық бұйымдарды жандыру себеп болған, деп нақтылады ведомстводан. Зардап шеккендер жоқ.