Талас ауданының қариялары бата беріп жарысты

0 8

Талас ауданында аудандық билер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты аудан ардагерлері арасындағы бата беру байқауы өтті. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге арналған сайысқа зейнет жасына жеткен, ауылдардан іріктелген 9 қария қатысты. Үміткерлер қазақтың ұлттық салт-дәстүрі бойынша бата беру, қазақтың айтулы тұлғаларының баталарын айту және ұлттық салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беру сынды үш кезең бойынша бақ сынады.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов: -Бата барлық жақсылықтың бастауы болған. Халқымыз батасыз іс бастамаған. Қазақтың осы салтынан ажырап бара жатқанымыз өкінішті.Жамбыл облысының үздік биі, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға аз еңбек сіңіріп жүрген жоқ. Соның бірі-батагөйлер байқауы. Осы байқауға үлкен жауапкершілікпен қарап,аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарын жіберген ауыл әкімдеріне ризашылығымызды білдіремін,-деп байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
Бата беру сайысы аудан көлемінде бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Соған сәйкес байқау да жыл санап түрленіп, бір жүйеге түсті. Қызығушылық танытқандардың қатары артып, тартысты сөз сайысына айналды. Биылғы байқау да өз ерекшелігімен есте қалды. Әсіресе, жердің шалғайлығына қарамастан арнайы келіп, шара көрігін қыздырған батагөйлерге көпшіліктің ықыласы жоғары болды. Қатысушылардың қатарындағы ең егдесі Есейхан ауылынан келген 90 жастағы Қойшыбек Омаров болды. Алайда батагөйлердің жастары әртүрлі болғанымен қойылатын талап бірдей болды. Қазылар алқасы әр қатысушының сахнада өзін ұстау әдебіне, дауыс мәнеріне, батаның мазмұнына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орын Қаратау қаласының 80 жастағы қариясы Серік Әбдібеков иеленсе, 2-орын Ақкөл ауылынан келген Толымбек Әбілдаұлына бұйырды. Ал 3-орынға Қызыләуіт ауылының ардагері Нұрлан Шоқалақов лайық деп танылды.
Үздік өнер бата берген қариялармен қатар, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.